Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Stadler Kazakhstan зауытының жаңарту жұмыстары аяқталып, 2025 жылға қойылған жоспарлары жарияланды

Еліміздің астанасында Stadler Kazakhstan зауытының жаңарту жұмыстары сәтті аяқталды. Швейцариялық Stadler Rail AG концерніне қарасты бұл зауыт биыл өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, қызметкерлерді оқыту мен жергілікті инфрақұрылымды дамытуға қаржы салуды жалғастырды. 

Stadler Kazakhstan зауыты Астанадағы индустриялық парк аумағында орналасқан және толық жаңартудан өтті. Бұл жұмыстардың аясында құрастыру желілері, дәнекерлеу және бояу цехтары жаңартылып, жаңа қойма ғимараттары мен техникалық тексеру алаңдары салынды.

"Біз халықаралық стандарттарға сай заманауи вагондар шығару үшін барлық жағдайды жасадық. Зауыт енді Қазақстан жолаушыларының талаптарына толық жауап беретін өнім өндіруге дайын", – деп бөлісті,  инженер-құрылысшы Амангелді.

Жаңартылған нысандардың жалпы аумағы 11 000 шаршы метрден асады. Бұл өзгерістер өндіріс тиімділігін арттырып, вагондарды құрастыру уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.

Stadler Kazakhstan 537 жолаушылар вагонын өндіретін болады

Компания "Қазақстан темір жолы" АҚ тапсырысы бойынша 537 жолаушылар вагонын шығарады. Вагондар Қазақстанның климат ерекшеліктеріне бейімделген және -50°C-тан +45°C-қа дейінгі температурада жұмыс істей алады. Олардың ең жоғары жылдамдығы – 160 км/сағ. болмақ. Алғашқы пойыздар 2025 жылы дайын болса, толық тапсырыс 2030 жылға дейін орындалатын болады.

Компания қызметкерлері қандай оқудан өтуде? 

Компания жергілікті мамандардың оқуына үлкен назар аударуда. 2024 жылы зауыт қызметкерлерінің 25%-ы Stadler компаниясының еуропалық өндіріс орындарында біліктілігін арттырды.

Шетелде білім алған қызметкерлердің арасында электромонтаж шебері Бакытжан ерекше көзге түсті. 2023 жылы ол Польшаға, Седльце қаласына бір жарым айға аттанып, жолаушылар вагондары үшін электршкафтарының құрастыру процесін оқыды.

"Еуропада оқуға ұсыныс түскенде, мен алғашында сенбедім", – дейді Бакытжан. – Польша – көрші ел емес. Тек құжаттарды дайындау жұмыстары басталғанда, бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керегімді түсіндім".

Оқу бағдарламасы екі апта теориядан және Stadler Polska зауытындағы бірнеше апталық практикалық сабақтардан тұрды.

"Бұл менің Еуропаға алғашқы сапарым болды. Оқудан бөлек, Варшава қаласына барып, Stadler вагондарын өз көзімізбен көрдік. Польшадағы вагондардың сапасын көріп, елімде жасап жатқан жұмысым барлық жолаушылар үшін, соның ішінде жақындарым үшін өте маңызды екенін түсіндім".

Stadler Kazakhstan қызметкерлері тек Польшада ғана емес, сондай-ақ Швейцарияда, Германияда және Испанияда да білім алды. Бұл мүмкіндік қызметкерлерге басқа Stadler зауыттарында жинақталған үздік халықаралық тәжірибені меңгеруге және оны өз өндірісінде қолдануға мүмкіндік береді.

2024 жылы зауыт DIN EN15085 атты халықаралық дәнекерлеу сертификатын алды. Бұл сертификат компанияның теміржол көлігін дәнекерлеу саласындағы барлық еуропалық стандарттарға сай екенін және өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты қатаң талаптарды орындап отырғанын растайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай сертификатқа тек 3 компания ие.

Компания алдағы жылдары "Қазақстан Темір Жолы" (АО "КТЖ") үшін жаңа вагондар шығаруға және жергілікті серіктестермен ынтымақтастықты нығайтуға назар аударуда. Қазіргі уақытта Атырау, Павлодар және Қарағанды қалаларындағы серіктестермен жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ компания елордадағы жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, студенттерге тәжірибе алу мүмкіндігін ұсынады. 2024 жылдың желтоқсан айында Stadler Kazakhstan бас директоры Владимир Русак Назарбаев университетінде  жыл сайын өтетін "YRA Forum" ғылыми форумына қатысып, ғылым жолындағы жастарды теміржол саласын бірге дамытуға шақырды.

Бүгінде зауытта 289 қызметкер жұмыс істейді. 2026 жылға дейін жұмысшылар санын 600 адамға дейін арттыру жоспарланған. Компания жоғары жалақы, тоқсандық және жылдық сыйақылар, медициналық сақтандыру, оқыту және тәжірибеден өту бағдарламалары, тамақтану, тегін ұжымды тасымалдау қызметін және басқа да артықшылықтарды ұсынады. Бос жұмыс орындары жайлы мәліметтер hh.kz сайтынан таба аласыздар. 

Талқылау