Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көргенсіздік көрсетіп отырғандардың дені – әйелдер": Света Айтбаева қоғамдық орындарда айқай-шу шығаратын әйелдердің бар екенін растады

света Фото: https://www.instagram.com/sveta_aitbaeva73/

Танымал әнші Света Айтбаева президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтқан қоғамдық орындарда айқай-шу шығаратын әйелдерге қатысты ойын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы көпшілік алдында жанжал шығару қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанына алаңдайтынын жеткізді.

“Мәдениет пен әдеп, тәлім мен тәрбие әрбір азаматтың отбасынан басталуы керек. Қанша қайталап айтсақ та, артық болмайтын тақырып. Президент мәдениет пен әдепті тектен текке қосақтап айтқан жоқ. Мәдениеттің ең бірінші белгісі – әдеп. Өкінішке қарай, “әдеп"деген әдемі ұғымның мәнін түсінбей, әдептілік деген қасиеттен ажырап бара жатырмыз. Президент жол бойындағы, көшедегі, қоғамдық орындардағы дарақылық, тәртіпсіздік туралы айтып өтті. Расында да өте оғаш көрінетін жайттар. Ал, әлеуметтік желілердегі "ұят, әдеп" дегендерді ұмытып, неше түрлі балағат сөздер айтып, көргенсіздік көрсетіп отырғандар қаншама?! Солардың ішінде, жасыратыны жоқ, басым көпшілігі – әйелдер. Президент Жолдауының осы бір жерін өз басым, төмен қарап отырып тыңдадым. Түсіне білген жанға сүйектен өтер сөз айтылды. "Әйелді әдепсіздік құртады" деген екен академик Сергей Капица. Ұлт ертеңі, ұрпақ болашағы мықты болу үшін ең алдымен әйел-ана арлы, әдепті, білікті, білімді болуы керек. Сонда ғана тәрбие қонып, ұрпақ ұлағатты, отбасы мықты болмақ. Озық ойлы ел боламын десек, ең бірінші өзіміз дұрыс болайық”, – деп жазды Света Айтбаева.



Еске салайық, Тоқаев Қазақстанда жеңілдіктің тым көп екенін айтып, "Жалқаулық пен масылдыққа жол береміз" деген еді. 

“Ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде "көш бастаған" елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді”, – деді Тоқаев.

STAN.KZ
Сейсенбі, 09 Қыркүйек, 2025 12:07
Талқылау