Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сотқа тікелей жүгінсе болады": Сауда министрі сатып алған тауар сапасыз болса тұтынушылар өз құқығын қалай қорғай алатынын айтты

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев тұтынушылар құқығын қорғау бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Министрдің айтуынша, тұтынушылар кез келген даулы жағдайда сайт арқылы немесе қоңырау арқылы шағымдана алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Обожаю” Үoutube арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет сұхбат кадрларынан

2019 жылдан бастап клиенттер құқығын қорғау Сауда министрлігіне жүктелген болатын. Арман Шаққалиев осы кезге дейін тұтынушылардың құқықтары көп жағдайда қорғалмай қалғанын алға тартты. 

“Бүгінгі таңда бізде мемлекет, бизнес және тұтынушылар деген үштік бар. Осы үштіктің арасындағы ең осалы тұтынушылар тарабы деп айта аламыз. Себебі мемлекетті білеміз, мұнда түрлі ресурстар мандат т.б бар.  Бизнесте “Атамекен” секілді түрлі қолдаушы бағдарламалар жұмыс істейді. Ал тұтынушылар олар өз-өздерімен қалады. Тіпті олар 100 пайыз дұрыс болып тұрса да, мұны дәлелдеу үшін қаншама күш жұмсауына тура келді. Осы тұста біздің алға қойған тапсырмаларымыздың ішінде нақты енгізілген шаралар қоғамдық ұйымдардың рөлін арттыру болып отыр. Тұтынушы осындай ұйымдарға жүгіну арқылы құқығын қорғай алуы керек”, – деді министр. 

Шаққалиев бүгінде осындай ұйымдарға 50 мыңдай адамның өтініші келгенін де тілге тиек етті. 

“Біз соның 49 пайызына құқықтық бағытта кеңестер беріп қолдадық. Ал 35 пайызының ақшаларын қайтарып алуына түрткі болдық. Осы 50 пайызға жуық өтініштердің 85 пайызына біз жауап бердік. Бұл соңғы екі жылдықта атқарылған істер. Бұл өте үлкен жұмыс”, – деп қосты ол. 



Минситр бүгінде электронды саудаға байланысты құқық қорғау туралы жүгінетіндердің саны артқанын жасырмады. Дегенмен онлайн сауда да тұтынушының құқығы бар екені мойындалып келеді екен.

“Біз қазір заң бойынша жаңа жоба дайындадық. Ол парламентте. Бұрын тұтынушылар шағымдану үшін төрт кезеңнен өтті. Атап айтқанда, алдымен сатушыға кейін қоғам мүддесін қорғау ұйымына, кейін мемлекеттік органдарға содан кейін ғана сотқа жүгіне алды. Ал қазір біз бұл жүйені жеңілдеттік. Енді алған тауарыңызда кінәрат болса, сатып алушы оған ешқандай жауап бермесе, таңдау құқығы өзіңізде болады. Мұндай жағдайда сіз бірден мемлекеттік органдарға немесе қоғам құқығын қорғау ұйымы арқылы сотқа бере аласыз. Тіпті сотқа тікелей жүгінсеңіз де болады. Мұның бәрі қолжетімді бола бастады”, – деді Шаққалиев.

Министр сонымен қатар халықтың тұтынушылық құқық талап етуінің екі себебін атады. Айтуынша, бұған сапасыз дүниелердің көп сатылуы мен тұтынушылардың қоятын талаптарының өсуі әсер етуде. Одан бөлек ведомство басшысы кез келген жағдайда шағымды сайт немесе қоңырау арқылы беруге болатынын ескертті. 

Еске салсақ, бұған дейін Сауда министрі ай сайын азық-түлікке қанша ақша жұмсайтынын айтқан еді.

Талқылау