Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сапасыз өнім": Қытай көлігін алған 100-ге жуық қазақстандық ақшасын кері қайтаруды талап еткен

Соңғы кезде Қытайдан жаңа автокөлік сатып алғандардан шағым көбейген. Шағымның басым бөлігі көліктің сапасына байланысты екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро 31 арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: сюжеттен скриншот

Сатылымы жағынан көш басында тұрған қытай автокөліктеріне қатысты да шағым күрт көбейген. Өткен жылы ғана салоннан Қытай көлігін алған 100-ге жуық Алматы тұрғыны машинаның сапасына шағымданып, ақшасын кері қайтаруды талап етіпті. 

“Қазақстанға Қытай көліктері көп келді. Бізге автосалон нарығындағы автомобильдер бойынша арыздар көп түседі. Бұл бойынша екі сот процесі болды. Сот арқылы біз тұтынушылардың ақшасын өздеріне қайтардық”, – дейді Нұрлан Әбиденов.

Бұдан бөлек тек бір жылда 50 мыңнан астам отандасымыз сатып алған затын кері қайтару үшін тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне арызданған. Әсіресе тауарға онлайн тапсырыс бергендер жиі опық жейтін көрінеді. Мәселен, бір ғана Алматының өзінде өткен жылы қаражатын қайтара алмаған азаматтардан жеті мыңға жуық шағым түскен. 

“Дүкеннен зат алғанымды дәлелдеу үшін чек алу керек екен. Қайтармады, өйткені менің қолымда чек жоқ”, “Барса, қайтаратын шығар, біз өзіміз қазақпыз ғой. Қайта барғанға алыс дейміз. Ондай жағдайлар көп болды”, – дейді тұтынушылар.  

Күннің ыстық-суығына қарамай базардан нәпақасын тауып отырғандардың да бұл жағдайға қатысты айтар өз уәждері бар. 

“Бізден алмаған тауарды бізден алдым деп өткізгісі келеді, бірақ бізде барлығына дәлел бар”, “Өлшемі келмей қалған жағдайда кез келген затты ауыстырып береміз. Ақшасын қайтармаймыз деген әңгіме болмаған. Біз үнемі ақшаларын қайтарып береміз. Тіпті тауарды бүлдіріп, жыртып тастап әкеліп беретін адамдар да болады. Оларға да ақшасын қайтарамыз”, – дейді базар сатушылары.

Қара базарда мұндай жағдайлар тараптардың келісімге келуімен оң шешімін тауып жатса, онлайн тапсырыспен берілген тауар сапасыз шыққан жағдайда оны қайтару қиындық тудырады екен. Сондай-ақ шағымның басым бөлігі осы ғаламтор арқылы алынған заттарға қатысты. 

"Кез келген затты 14 күннің ішінде қайтаруға болады. Мысалы, сіз қорапты ашып, тауарды көрдіңіз және оны қосып көрдіңіз, бірақ ол қосылмай тұр. Оны қайтадан абайлап орнына қоясыз да, қорапты жауып “міне, менің затым істемей тұр” деп қайтадан әкелесіз. Жолда оның бір жері сынып қалса, онда ол сапасыз тауар деген сөз. Ондай жағдайда сатушының сатып алмауға құқығы бар", – дейді Алматы қаласы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбарасы Нұрлан Әбиденов.

Қайтаруға мүлде болмайтын тауарлар да бар. Бірінші кезекте ол – дәрі-дәрмек. Жануарлар мен өсімдіктерді сатып алсаңыз, оны да кері өткізе алмайсыз. Іш киім, өлшеп-кесіп сатылатын маталар, SIM-карта салынғаннан кейін ұялы байланыс құралдары да қайтарылмайтын тауарлар тізіміне кіреді. Сондай-ақ кез келген тауарды өткізу үшін міндетті түрде түбіртек немесе сатып алғаныңызды растайтын өзге дәлелдеріңіз болуы қажет дейді мамандар.  

Талқылау