Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

7 жасар Карина Закураеваның өлімі: Сот өгей анасы Балжан Тұрлыбекті 20 жылға бас бостандығынан айырды

Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 7 жасар Карина Закураеваның өліміне қатысты сот үкімі шықты. Сот Балжан Тұрлыбекті 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Сотталушы – қыздың 47 жастағы өгей шешесі, белгілі қоғам белсендісі Балжан Тұрлыбек. Ол Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 3-бөлігі ("Кәмелетке толмағанды өлтіру") бойынша сотталды. Істі судья Ерлан Болатов қарады.

"Сот Тұрлыбек Балжанды Қылмыстық кодекстің 99-бөлімінің 3-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша кінәлі деп танып, ол үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге үкім шығарды. 2023 жылғы 10 шілдеден бастап қамауда ұстау мерзімі бір жарым тәулікке есептелсін. 677 мың теңге процессуалдық шығын өндірілсін және жәбірленушілердің өтемақы қорына 30 АЕК көлемінде төлем өндірілсін. Азаматтық талап арыз қараусыз қалдырылсын", – деді судья.

Судья үкімді түсіндіріп өтті. Оның сөзінше, сот барысында дәлелдер бағаланып, қыздың өлімі кезінде болғандарға ерекше назар аударылған. Үкім куәгерлердің, жәбірленушінің әкесінің және сот процесінде жауап алынған басқа да куәгерлердің айғақтарына негізделген. Сондай-ақ айыпталушының өзінің берген үш айғағы (сотқа дейінгі тергеу және сот барысында) сыни бағаға ие болды. Сот қорғаушылардың тергеу биологиялық сараптама тағайындамағаны туралы уәжін және басқа да уәждерін қарап, оларды негізсіз деп тапты.

Өз кезегінде Балжан Тұрлыбек апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

Сот-медициналық сарапшының сөзінше, қыздың өліміне "ми затының көгеруі, бас миының қабықшаларының астына қан құйылуы, ауыр жабық бассүйек-ми жарақаты нәтижесінде бас миының ісінуі" себеп болған. Зерттеу қыз қайтыс болған күннен бір тәуліктен кейін жүргізілген.

Еске салсақ, былтыр шілде айында Алматыда 7 жасар өгей қызын ұрып өлтірді деген күдікпен қоғам белсендісі Балжан Тұрлыбек қамауға алынған еді.

Жеті жасар Каринаны асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деп айыпталған әйел бар кінәні азаматтық некедегі күйеуіне артқан еді. Сотта айыпталушы Балжан Тұрлыбек өгей қызына киім алып беріп, мектепке дайындағанын, би үйірмесіне жазып, жеке репетитор да жалдағанын айтты. Сонымен қатар ол Каринаның әкесімен отбасын құрған соң баланы асырап алуды жоспарлаған.

Бірақ айыпталушы сотта қыздың әкесі баланы кіші дәретін ұстай алмағаны үшін ұрып келген деді. Тіпті кейде 7 жасар қызды салқын душқа түсіріп, бақша қайшысымен ұрғанын, балконға қамайтынын айтқан.

20 желтоқсан күні болған сот отырысында судья Ерлан Болатов қыздың әкесі Бәкен Ғалымжанұлынан жауап алуға шақырды. Ол куәгер болды. Әкесі сотталушымен 2022 жылдың қыркүйегінен кісі өлтіргенге дейін, яғни 2023 жылдың шілдесіне дейін бірге тұрған.

Куәгер қайғылы оқиға болған күні, яғни 10 шілдедегі оқиғаның қалай болғанын айтып берген. Айтуынша, таңғы сағат 08.00 шамасында әйелі екеуі оянған. Ол дүкенге кеткен кезде, қызы Карина да оянған. Балжан Тұрлыбек оларға таңғы ас әзірлеп берген. Содан кейін үйлеріне кабель тартып жатқан альпинистер келіп, көмек сұраған. Ер адам оларға көмектесіп жүріп бірнеше рет үйіне кірген кезде бәрі жақсы болған. Әйелі тіпті емханаға барып келген.

Талқылау