Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Мейіржан Төребаевты шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығарудан бас тартты

Алматыдағы Түрксіб аудандық соты Мейіржан Төребаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: vk.com/meir1983

Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты Мейіржан Төребаевтың Қылмыстық кодексінің 73-бабында қарастырылған "жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілірек жазамен ауыстыру" туралы өтінішін қарады.

"Шынында, жазасының көп бөлігін өтеген. Мінездемесі негізінен жақсы, тек бір ескерту бар. Алайда залалды өтеу бойынша ешқандай әрекет жасалмаған", – деді сот.

Соттың дерегінше, жаңа өтінішті ол 6 айдан кейін бере алады. Сотта Төребаевты Алмалы аудандық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы үкімімен Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (қаржы пирамидасын құру және басқару) бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілгені анықталды.

Азаматтық талаптың жалпы сомасы 814 120 806 теңге, мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары 8 060 602 теңге. Үкім 2024 жылдың 1 ақпанында заңды күшіне енді.

"Сот талқылауы барысында сотталғандарға жазаны неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтініш хатты қанағаттандырудың негізгі критерийлерінің бірі болатын зиянның өтелмегені де анықталды. Қылмыстық кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қас көйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін", – делінген сот хабарламасында.

Барлық мән-жайды ескере отырып, сот М.Төребаевтың жеке ісінің материалдарын жан-жақты зерттеп, сот қаулысымен өтініш хатты қанағаттандырусыз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Түркісіб аудандық сотына мерзімінен бостандыққа шығару туралы шағым түсіргенін жаздық. Шерниязов пен Төребаев Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша 5 жылға сотталған еді. Олар бұл күнге дейін жазаның үштен бірін өтеген. Журналист Михаил Козачковтың дерегіне сәйкес осы себепті олар қалған мерзімін айыппұлға ауыстыруды сұрап отыр. Заңға сәйкес сот шағымды қабылдауы үшін жазасын өтеген орыннан сотталушыға оң мінездеме беріліп, спорттық және тәрбие шараларына қатысуы керек. 

Талқылау