Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Күдебаевтың елден қалай қашпақ болғанын айтты

Алматы облыстық Кеген аудандық соты бұрынғы генерал-майор Серік Күдебаевтың елден қашу ісін қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Алматы облысы Кеген аудандық сотында Күдебаевтың елден қашу ісі қаралды.

"Сотталушы К. 2023 жылы 15 наурызда сағат 04.30 шамасында Кеген ауданында қылмыстық жоспарға сәйкес шекарадан еркін өтуге кедергі жасайтын тікенді сым спиральді қауіпсіздік тосқауылының төменгі сымын көтеру арқылы, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу пунктінен тыс қасақана шекараны заңсыз кесіп өткен. Осылайша К. Манас әуежайы арқылы Түркияға ұшып, соттан қашып кеткен. Ұсталғаннан кейін ол Қазақстанға экстрадицияланды" - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Алматы облыстық Полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасына қатысты күдікті деп танылған еді.

Ол 2020 жылдан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған. 2022 жылдың 18 ақпанында ол ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылды.

30 наурыз, сағат 11:00-де Серік Күдебаевқа қатысты сот процессі өтуі тиіс болған. Бірақ айыпталушы сотқа келмеді. Соған оны сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу жөнінде қаулы шықты. Артынша генералдың елден қашып кеткені белгілі болып, оған халықаралық іздеу жарияланды. Ал 27 сәуір күні Күдебаев Түркияда ұсталып, елге жеткізілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Серік Күдебаевқа  алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау