Фото: Видеодан скрин
Ақтөбе облысында 12 адам көз жұмған жол апатына байланысты айыпталған жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық істі өңірдің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Судья Сабыров айыпталушының қайтыс болуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарды.
“Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша айыпталған И. Халеловқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 1-тармақшасына сәйкес айыпталушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылу керек”, – деді судья.
Сабыровтың айтуынша, іс сотқа дейінгі тергеу сатысында-ақ тоқтатылуы тиіс болған. Алайда полицияның анықтаушысы салғырттық танытып, айыптау актісін сотқа жолдаған.
“Полиция қызметкері өз міндеттерін толық орындамаған және іс жүргізу заңнамасының талаптарын сақтамаған. Мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін бұл мәселеге Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшысы назар аударуы қажет”, — деп атап өтті судья.
- "Қатты жылдамдықпен қуған": Қызылорда облысында әйел жол апатына түскен ұлының өліміне полицейлерді кінәлайды
- Абай облысында 4 бала қаза тапқан жол апаты: Сотта эпилепсиясы бар жүргізушіні тексеруі керек болған дәрігерден жауап алынды
Сондай-ақ қаулыға сәйкес, екі көлік те өз иелеріне қайтарылды.
Еске салсақ, Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 12 адам мерт болған еді. “Самара – Шымкент” трассасында жүк көлігі мен жолаушылар отырған “Газель” бетпе-бет соқтығысқан. Оқиға орнында екі жүргізуші мен автобус жолаушылары – барлығы 12 адам, оның ішінде 3 жастағы бала мен 9 жастағы оқушы көз жұмды. Тағы алты адам ауыр жарақат алды.