Солтүстік Қазақстанда бағаның өсуіне байланысты балалар тамақтан таршылық көруде
Солтүстік Қазақстан облысында жеткізушілер мектепке дейінгі мекемелерге бұрынғы бағадағы өнім беруден бас тартып отыр. Салдарынан Мамлют ауданындағы 16 шағын орталық бірден осындай проблемаға тап болып, шарасыздықтан кейбір балабақшалар балалардың уақытын қысқартуды көздеуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.
Новомихайловский шағын орталығына балалар аз келгеннің өзінде кейде оларды тамақтандыру жағы қиындық тудырып жатады. Мұнда азық-түлікке жауапты жеткізушілердің келмегеніне көп болған. Сол себептен орталық қызметкерлері босаған тоңазытқыштың түбінде қалған өнімдерді үнемдеуге мәжбүр. Алайда кейде қызметкерлер тіпті шамалары келсе, үйлерінде бар өнімдерді алып келеді екен.
Осы орайда қызметкерлер балабақша уақытын қысқарту туралы айтқан. Бірақ ата-аналар бұған қарсы.
“Біз таңертең балаларды тамақтандырып, балабақшаға әкелуіміз керек. Түскі асқа дейін балалар осында болады. Кейін балаларды үйге әкетіп, тамақтандыруымыз керек. Бізде жұмыс бар. Балалардың қалдыратын басқа жері жоқ. Сонда біз не істеуіміз керек?” – деді Новомихайловский тұрғыны Ольга Комиссарова.
Өнімге жауапты жеткізушілер бағаның өсуіне байланысты балаларды тамақтандырудың пайда әкелмейтінін айтты.
“Бағалардың барлығы дерлік өсті. Міне, мысалы құс етін бізге 1300 теңгеден есептейді, ал сатып алар кезде олардың бағасы 1770 теңге тұрады. Қант та біз есептеп отырған бағамен салыстырғанда екі есеге қымбаттады. Табысты айтпағанда біз тіпті шығынға батамыз”, – деді кәсіпкер Жаслан Кабдулов.
Білім басқармасындағылар жыл басында мектепке дейінгі мекемелерге өнім жеткізу үшін жеткізушілермен келісім-шарт жасасып, онда ұстануға тиісті бағалар көрсетілгенін түсіндірді. Бірақ бағаның өсуіне байланысты үш кәсіпкер бірден келісім-шартты бұзуға шешім қабылдаған.
“16 шағын орталықтың жеткізушілері келісім-шарт талаптарын орындай алмайтындықтан, бас тартты. Өнімдер қымбаттағандықтан келісімшартта олар үшін мүмкін емес баға көрсетілген. Біз оларға жауап ретінде хабар бердік. Қазіргі уақытта мәселе шешілуде. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің нормаларына өзгерістер енгізіліп, онда азық-түлік төлемінің мөлшері өседі. Егер осыдан кейін жеткізушілер қайта іске кіріспесе, олармен жасалған бұл шарттар сот тәртібімен бұзылады”,- деді Мамлют аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Ташмагамбетов.
Новомихайловканың ата-аналарына шағын орталық күні бойы жұмыс істейді деп уәде етілгенімен, балалардың тамағына төленетін ақының да міндетті түрде көтерілетіні туралы ескертілді.