Солтүстік Қазақстанда мемлекеттен миллиардтар бөлінген спорт кешенінің құрылысы тоқтап тұр
Солтүстік Қазақстан облысында бес бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы тоқтап тұр. 2020 жылы олардың әрқайсының құрылысына мемлекет бюджетінен жарты миллиард теңге бөлінсе де, нысандардың қашан ашылатыны белгісіз. Ал балаларын спорттық секцияларға апара алмай жүрген тұрғындар қазынадан бөлінген қаражат қолды болды ма деп қорқады. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.
Смирнов ауылындағы дене шынықтыру кешенінің құрылысы 2019 жылдың соңында басталған. Футбол, теннис, жаттығу залдардарынан тұруы тиіс нысан содан бері екі жарым жыл өтсе де, әлі тапсырылмай келеді. Қазір кешеннің ішкі әрлеу жұмыстары толық жүргізілмеген күйі тұр. Едені төселмеген, қабырғалары сыланбаған. Спорт нысанының кейбір бөлшектері әлден қирап, бұзыла бастаған. Кәріз жүйелері жан-жақта шашылып жатыр.
Тұрғындар ауылдағы спортты дамытуға бөлінген қаржы талан-таражға кетті ме деп қорқады.
"Жұмысшыларға ақша берсе, уақытында істейді. Дұрыс емес пе?! Солай деп ойлаймын өзімше. Мәселенің барлығы жоғарыда болып тұр. Халыққа істеймін деген нәрсені уақытында істеу керек, уәде бергеннен кейін", - дейді Смирнов ауылының наразы тұрғын Әбдімүтәлләп Османов.
Мердігер құрылысына 494 миллион теңге бөлінген дене шынықтыру кешенінің төрт қабырғасын көтеріп, сыртқы жұмыстарын ғана аяқтаған. Ал 2020 жылдан бері тапсырыс мерзімі екі рет ұзартылыпты. Мердігер өз міндеттемелерін орындамай жатқандықтан, жергілікті билік оларды сотқа бергенін айтады. Бірақ одан да нәтиже жоқ.
- Алматы облысында тәртіп бұзушыны тоқтатпақ болған полицей комадан бірақ шықты
- Қазақстанда коронавирустың қандай штамдары жиі кездеседі
"Мердігер осы жылдың 18 қаңтарында жұмысты уақытында орындамауына байланысты сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Алғашқы сот отырысы 9 ақпанда болуы керек еді. Бірақ отырыс кейінге шегеріле береді", - деп түсіндіреді Аққайың ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Данияр Қапашев.
Солтүстікте осы сияқты тағы төрт құрылыс бар. Пресновка, Явленка мен Саумалкөл, Тимириязев ауылдарында да дене шынықтыру сауықтыру кешендерінің жұмыстары тоқтап тұр. Әкімдіктегілер барлығына құрылысты бастап, жұмысты соңына дейін жеткізбей жарты жолдан тастап кеткен мердігерлер кінәлі дейді.
"Сәуір айында осы 3 нысан бойынша конкурстық жұмыстар өткізілетін болады. Яғни, бұл конкурстық жұмыстардың нәтижесі көрсетеді, жаңадан мердігер компаниялар тағайындалатын болады", - дейді СҚО құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы Майгүл Қажжан.
Осы аралықта құрылыс материалдарының да бағасы шарықтап кеткен. Сол себепті жұмыстарды аяқтау үшін әр нысанға қайта 100 миллион теңге қаржы сұратып жатыр.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
