Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі алаяқтық үшін сотталды

Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі алаяқтық үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Gov.kz

Самат Ескендіров үлескерлерді алдап, жерлерін сатып жібергені үшін сотталған.

“Жауапкер Е. және басқа тұлға несие алу үшін жалған жиналыс хаттамаларын жасаған. Олар ЖШС қатысушыларының келісімінсіз Бурабай ауданы тұрғындарының жер телімдерін кепілге қойған. Бір топ адамдар ауыл тұрғындарының жер үлестерін заңсыз иемденіп, еншілес кәсіпорынға жер учаскесін кепілге берген және иеліктен шығарған. Нәтижесінде жәбірленушілерге аса ірі көлемде материалдық залал келтірілген. Бұл әрекет Қылмыстық кодекстің "Адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемдегі алаяқтық" ретінде бағаланады”, – деп мәлімдеді Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының баспасөз қызметі.


"Балаларына алимент қарыздарын төлемеген": Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасынан Mercedes S-кластағы көлік тәркіленіп сатылымға қойылды


Белгілі болғандай, экс-әкімнің кінәсі жәбірленушілер, куәгерлер, тінтулер, тәркіленген төлем тапсырмалары, сараптамалық қорытындылар және тәуелсіз аудитордың айғақтарымен дәлелденді. Сот жаза тағайындау кезінде сотталушыға қатаң жаза тағайындауды талап етпеген жәбірленушілердің көпшілігінің пікірін ескерді.

"2023 жылы сот шешімімен ЖШС құрылтайшылары жиналысының шешімі және құқықтарды үшінші тұлғаларға беру туралы келісім жарамсыз деп танылды. Осыған байланысты, жер учаскесі жәбірленушілерге қайтарылды. Ауыл тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы сот үкімі шығарылды. Е.-ге ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген ақпаратта.

Еске салайық, ағымдағы жылдың жазында Ақмола облысында Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, экс-сенатор Самат Ескендіровке қатысты сот процесі өтіп жатқаны белгілі болды.

Бұған дейін облыстық соттың баспасөз қызметі жоғары лауазымды шенеунікке қатысты істің Көкшетау қалалық сотында қаралғанын хабарлаған болатын. Оған Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыс жасағаны үшін айып тағылған еді.

Талқылау