Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда облысында анасы үй тапсырмасы үшін қызын пышақтап тастаған

Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 11 жасар қызына пышақ сұғып алған анаға үкім шығарды. Бауыр еті баласын жарақаттаған келіншек алдағы алты жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Қайғылы оқиға былтыр күзде Уалиханов ауданының Өндіріс ауылында болған. Көпбалалы ана қызының жамбас тұсына пышақ сұғып алған. Оқушы бірден аудандық ауруханаға жеткізіліп, кейін облыс орталығындағы емдеу мекемесіне жөнелтілді. Ал бүгін Солтүстік Қазақстан облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бауыр еті баласын жарақаттаған анаға үкім шығарды.

"Инара Ислямова Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігінің (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) 3, 11-тармақтарымен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінде орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленсін. Ислямоваға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы жойылып, сот залында қамауға алынсын. Жазаны өтеу мерзімі үкім жарияланған күннен бастап, яғни 2025 жылдың 18 ақпанынан есептелсін", – деді кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әсемгүл Тоқтарбаева.

Үкім оқылып болған соң судья жиналғандарға шығарылған шешімді түсіндірді. Оның айтуынша, айыпталушы кәмелетке толмаған қызының денсаулығына ауыр зиян келтірген.

"Сот Ислямованың әрекетін адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі, материалдық жағынан тәуелді, көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірілген деп саралайды. Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған балаларының болуы ескерілмеген. Себебі құқық бұзушылық өз баласына қарсы жасалған. Сот қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде шын ниетімен өкінуді ғана ескерді. Ал жазаны ауырлататын мән-жайлар жоқ", – деді судья.

Дегенмен сот оның кәмелетке толмаған адамға қатысты қасақана ауыр қылмыс жасағанын, яғни өз баласының денсаулығына қарсы жасаған қылмысын ескеріп, оны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

"Сотталушы Ислямова, сіз асүйге барып, пышақ алғаннан кейін тоқтамадыңыз. Осы пышақпен баланың бөлмесіне кіргенде де тоқтамадыңыз. Баланы пышақпен жарақаттап, енеңіз бөлмеге кірген кезде ғана тоқтадыңыз. Сондықтан жазаны кейінге қалдыру не төмен жазаны тағайындау мүмкін емес. Себебі адамға, жас балаға қарсы қылмыс жасалған", – деді үкімді түсіндірген судья Әсемгүл Тоқтарбаева.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Астанада жасөспірім 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеп тастағаны туралы жазған едік. Кейіннен ол тағы бір кішкентай қызға шабуылдамақ болған. Кадрларда жасөспірім лифт жабылуына жол бермей, қыздың кетуіне кедергі келтіргені көрінеді. Ол пышақты шығарып, балаға кеземек болған. Бірақ ол бірдеңеден сескеніп, пышақты тықпайды.

Талқылау