"Ешқайда кеткіміз келмейді": Солтүстік Қазақстан облысында қаңырап қалған ауылда бір ғана отбасы тұрып жатыр
Фото: коллаж
Солтүстік Қазақстан облысының Камышлово ауылы ресми түрде әкімшілік есептен шығарылған. Мұнда мектеп те, медициналық пункт те, дүкен де жоқ. Қаңырап қалған ауылда қазір Ивановтар отбасы ғана тұрып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Камышлово ауылына жетудің өзі оңай емес. Әсіресе жаңбырдан кейін алты шақырымдық жол лай-батпаққа айналады. Үйлер қирап, көшелер қаңырап қалған. Ауылдағы бір аулада ғана тіршілік белгісі білінеді. Бұл үйде Ивановтар отбасы тұрып жатыр: үш ұлы және анасы. Олар екі жүзден астам қой, он шақты жылқы, сиыр ұстайды. Азық-түлікті аудан орталығынан алып келсе, ауыз суды тоғаннан тасып ішіп отыр.
Ауылдықтар бастауыш сыныптар жабылып қалған соң жаппай көше бастаған.
"Жастар азайып, бәрі бірте-бірте кете бастады. Сосын мектеп, соңғы кіші сыныптар жабылып қалды, осыдан кейін бәрі жаппай көше бастады. Ауылдықтар негізінен мектепке бола тұрып жатқан. Біздің көшкіміз келмеді, бұл жер – туған жеріміз, үйреніп қалдық, енді ешқайда кеткіміз келмейді", – дейді ауыл тұрғыны Сергей Иванов.
Камышлово бір кездері аудандағы келешегі зор ауылдардың бірі болған. Мұнда 400-ге жуық адам тұрған. Инфрақұрылымы дамып, күре жол өтіп, ауылдың көркеюіне үміт болған. Алайда қазір бұл аймақ ауыл емес, жай ғана көше болып қалған.
Аудан әкімдігі бұл жердегі инфрақұрылымды қамтамасыз ету экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін алға тартады.
"Менің ойымша, бір-екі жылдан кейін оны ұстап тұру тиімді болмайды. Жолдарды тазарту керек, орталықтан алыс. Камышлово өте алыс және шекараға жақын, ары қарай өте алмайсың", – дейді М.Жұмабаев аудандық экономика және қаржы бөлімінің экономика секторының меңгерушісі Наталья Кучерявая.
Бір ғана Мағжан Жұмабаев ауданында өткен жылы алты ауыл жабылған. Жалпы облыста 45 елдімекен тіршілігін тоқтатқан.
"Бұл ауылдарда ештеңе өзгермейді. Мемлекет өз міндеттемелерін сақтайды - электрмен жабдықтау, жолдар, пошта. Сондай-ақ мемлекет қоныстанған азаматтарға 15 АЕК көлемінде қаржылық қолдау көрсетеді. Отбасы болашағы бар ауылға көшуге келісім берген жағдайда әрбір отбасы мүшесіне шамамен 58 мың теңгеден төленеді. Аудан әкімдігі де бұл отбасын жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етуі керек", – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдіреш.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда екі жүзден астам ауыл тіркеуден шығарылған. Тағы 109 ауылды қысқарту жоспарланған.

"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
