"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
Фото: erdentakenov Threads парақшасынан алынды
Желі қолданушылары Алматыда әлі ашылып үлгермеген "Ленина 36" дәмханасынан жұмысын тоқтатуды талап етіп жатыр. Себебі олар мекеменің Кеңес Одағының негізін қалаушы Владимир Лениннің атымен аталуына наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айгүл Садықова есімді Facebook қолданушысы парақшасында осы тақырыпты қозғады. Оның айтуынша, дәмхананы "Ленина 36" деп атау өте оғаш. Себебі, Лениннің идеологиясы қазақ халқына көп қайғы әкелді дейді.
"Алматылықтар Достық көшесіндегі жаңа кафенің атауын көрген болар. Бұл көше бұрын Ленин көшесі деп аталған. Біреулер жаңа дәмхананың "Ленина 36" деп аталатынына қуанып, өткенді сағынышпен еске алып отырған болар. Ал мен алғаш көргенде, "сәтсіз таңдау" дедім. Өмір бойы осы ауданда тұрып келемін. Ленин деп атауды баяғыда қойғанмын. Кафе иелері бұл атауды таңдағанда не ойлады екен? Уақыт өзгерді, тарихи оқиғаларға көзқарас қайта қаралып жатыр, мұны ескеру керек қой. Ленин психопат болған, оның идеологиясы халқымызға көп қайғы әкелді. Мұны елемеу өте оғаш тірлік", – деп жазды ол.
Желі қолданушысының айтуынша, күшпен ұжымдастыру, ашаршылық, ұлттық болмысты жою бәрі Ленин саясатының салдары.
"Мұндай дүниелер адамды зұлымдыққа қалыпты қарауға үйретіп, моральдық бағдарды бұзады. Кейбірі мысал ретінде Шыңғыс ханды айтады. Иә, ол да көп адам өлтірген. Алайда Шыңғыс хан ерте заманда өмір сүрді. Оның зұлматы туралы трансгенерациялық жады жойылды. Ал Ленинге келсек, революция кезінде зардап шеккендердің немере-шөберелері әлі де тірі. Күшпен ұжымдастыру, ашаршылық, ұлттық болмысты жою Ленин саясатының салдары. Халқымыз осы трагедияны енді сезе бастады. Қазір қоғамда кең таралған орынсыз құбылыстардың тамыры сол кезде қаланды. Мысалы, жемқорлық. Жемқор адам тоймайды, өйткені ол үнемі жоқшылықтан қорқады", – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол дәмхананың дәл осылай аталуы ұнамайтынын, бұл халқымыздың қайғысына құрметсіздік екенін жазды. Аталған пікірге қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай да қолдау білдірді.
"Ленин психопат қана емес, патологиялық манипулятор әрі өтірікші болған. Мұны оның 1985–86 жылдары жазған мақаласынан оқып отырып түсінгенмін. Ол кезде әлі Кеңес Одағы бар еді, Ленинге табыну да күшінде болатын. Қазір бұл даңғылды зейнеткерлер мен ескі жүйені аңсайтындардан ғана "Ленина" деп атайды. Әлбетте, дәмхананы ашқандар зейнеткерлерді емес, жастарды нысанаға алған. Енді бұл "креатив" жастарды тарта ма, көрейік”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ Зира Наурызбай кеңестік символиканы пайдалануға тыйым салатын ереже қабылдау керегін айтты.
“Менің тілегім кафе тезірек жабылып, қала көшесінен бұл атау мүлдем жойылса екен. Жалпы, кеңестік символиканы пайдалануға тыйым салатын бір нақты ереже қабылдайтын уақыт келді. Өйткені, Ленин тұрған жерге Сталин де келіп тұрады", – деп жазды ол.
Айта кетейік, "Ленина 36" мейрамханасының өзі әлі ашылмаған. Әлеуметтік желідегі парақшасына жазған едік. Әлі жауап ала алмадық.
“Қазақ халқы қонақжай, бірақ шыдамның да шегі бар”
Аталған жазба желіде қызу талқыға түсіп, желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі, мекеменің кеңестік революционер Владимир Лениннің есімімен аталуына наразы. Енді бірі, көшенің өзі бұрын Достық емес, Ленин деп аталғанын, сондықтан бұл есімге наразы емес екенін айтты.
"Пікірлер ішінен халықты қорлайтын жазбаларды көрдім. Пікірлердің бірінде "ұнамаса Қағанатқа барып тамақтаныңдар", "ауылбайлар Қағанаттан жесін" деп жазылыпты. Қағанат қарапайым еңбек адамдары жиі баратын дәмхана, ешкімге зияны жоқ. Бұл жазбада халықты мазақ етіп, мысқылдау айқын сезіледі. Мен лтшыл емеспін. Еліміздегі орыс тілді азаматтарға, славян халқына үлкен құрметпен қараймын. Бірақ менің халқымды қорлайтын, өткенімізге түкіретін адамдарға жылы қабақ таныта алмаймын", – деп жазды желі қолданушысы.
"Біз мұнда жай атауға емес, иесінің ниетіне, тарихи санаға деген көзқарасына қарсы болып отырмыз. Бұл жер "Lenina 36" деп атала салған жоқ. Мұның артында тұтас идеология жатыр. Ал бұл идеология қазақ халқы үшін ауыр, трагедиялық естеліктермен байланысты. Дәмхана иесі, егер сіз өзге ұлт өкілі болсаңыз және басқа елде кәсіп жүргізіп жатсаңыз, сол елдің мәдениетіне, тарихына құрметпен қарауыңыз керек. Қазақ халқы қонақжай, бірақ шыдамның да шегі бар. Бізді аяққа таптауға жол бермейміз! Біз өзімізді қоқыстан тапқан жоқпыз. Құрмет – екіжақты болуы тиіс", – деп жазды енді бірі.
"Lenina 36" деп қоғамдық орынға атау беру Польшада "Hitler 36" атты кафе ашумен бірдей. Біреулер үшін бұл жай көше атауы болуы мүмкін. Ал біз үшін Ленин ұлтымыздың зиялыларын жойған адам. Бұл ескі дәуірден жағымды естелік емес, керісінше қанды тарихтың символы. Мұндай атау мәдени жадқа жасалған құрметсіздік. Халықтың трагедиясына немқұрайлықпен қарау. Атмосфера жасаймын десеңіз, қалаған атауды таңдауға болады. Бірақ Лениннің атын романтизациялау шектен шығу деп есептеймін".
“Нағыз алматылықтар Достықты әлі күнге дейін Ленин көшесі деп атайды”
"Қазақстанда адамды болмашы себеппен "кәнсілдеу" қалыпты жағдайға айналып кеткен сияқты. Әлі ашылып үлгермеген "Lenina 36" атты мекемеге 2GIS қосымшасында жаппай теріс пікір жазылып жатыр. Неге? Өйткені біреулерге атауы ұнамаған. Бірақ бұл Ленинге қойылған ескерткіш емес. Бұл Алматы тұрғындарына таныс, ескі, тарихи мекенжайға жасалған қарапайым сілтеме. Мәселен, көліктерге, киімдерге "Верный" (қаланың ескі атауы) деп жазып қою сәнге айналған. Оған ешкім қарсы емес. Сонда Ленин көшесі ешқашан болмағандай мүлде айтпауымыз керек пе? Ақиқатына келсек, көптеген тұрғын үшін ол көше әлі күнге дейін Ленин көшесі. Қазақстанда шағын кәсіп иелері онсыз да түрлі қиындықпен күресіп жүр. Бәлкім, біз бәрін бірден кәнсілдей бермей, жаңадан басталып жатқан нәрсеге қолдау білдіріп үйренгеніміз жөн шығар. Өткенге де, бүгінге де құрметпен қарау уақыты келген болар".
"Алматының жергілікті тұрғыны ретінде айтарым бар. "Ленина" бұл тұлғаны дәріптеу емес. Біз 2GIS пайда болмай тұрған кезде көшені осылай атағанбыз. Әлі күнге дейін "Ташкентская", "Баумана", "Фурманова" деп айтамыз. Себебі біз осында тұрамыз. Ал біреулер эмоцияға беріліп, түрлі кері пікірлерін жаудырып жатыр. Бәрі кенеттен халықтың қайғысын арқалаған тұлғаға айналып шыға келді. Ленина көшесі — Ленина көшесі болды. Бұл — тарихи факт".
"Қағанатқа ғана барыңдар" деп жазба арнап, өздеріңе ұқсас адамды сонда шақырыңдар. Ал мұндай мекемелер мәдениеті жоғары, талғамы мен эстетикасы бар, сұлулықты бағалай білетін адамдарға арналған".

"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
