Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысында бос тұрған туберкулез диспансері 1 миллиард теңгеге сатылымға шығарылды

Фото: e-qazyna

Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданында орналасқан туберкулезге қарсы диспансер 1 миллиард теңгеге сатылымға шығарылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл медициналық нысан 2011 жылы "100 мектеп, 100 аурухана" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Алайда науқастар санының азаюына байланысты Новоишимка ауылындағы ғимарат 2019 жылдан бері пайдаланылмай бос тұр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, соңғы жылдары туберкулезбен ауыратындар саны айтарлықтай төмендеген. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда көрсеткіш шамамен 49 пайызға азайған. Қазір науқастар емді қаладағы медициналық мекемелерде қабылдап жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін дәл осындай диспансер Пресновка ауылында да ашылған еді. Екі мекеме жалпы 200 орынға шақталғанымен, іс жүзінде қажеті төмен болып шыққан. Тіпті бір кезеңде стационардағы медицина қызметкерлерінің саны ем алушылардан асып кеткен.

Диспансер жабылғаннан кейін ғимаратты тиімді пайдалану мәселесі ұзақ уақыт шешілмей келді. Жергілікті билік оны кәсіпкерлерге ұсынғанымен, бизнес өкілдері тарапынан қызығушылық болмаған. Енді нысан аукцион арқылы сатылмақ.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда дәріхана сөрелерінен арзан аспирин жоғалып, орнына 10 есе қымбат түрі сатылып жатқанын жазған едік. Қарағанды қаласында алты дәріханада тек көпіршікті аспирин сатылып жүр. Ал оның бағасы шамамен 2 мың теңге. Бағасы 280 теңге тұратын қарапайым аспирин тек ірі желілік дәріханалардың бірінен ғана табылған. Қалған дәріханаларда препараттың бұрыннан жоқ екені айтылған. Бұл мәселе бойынша түсініктеме алу үшін редакция облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне, денсаулық сақтау министрлігі жанындағы фармацевтикалық бақылау комитетіне жүгінген. 

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 14:49