Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Смартфондарды міндетті түрде тексеру: Қазақстандықтар қандай жағдайда гаджетті қайтара алмайды

Қазақстанда 24 наурыздан бастап смартфондарды міндетті тіркеу енгізіліп жатыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл процедураның қалай жүретіні және верификациядан өтпеген телефонды сатып алған жағдайда не болатыны туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: androidinsider.ru

Мемлекеттік радиожиілік қызметінің өкілі Сәуле Темірхан жаңа ережелерге сәйкес ұялы байланыс желісінде телефондар іске қосылған кезде олардың верификация статусы тексерілетінін еске салды.

"Верификация сәтті аяқталған жағдайда абоненттік құрылғылар сәйкестендіру кодтарының дерекқорындағы "ақ" тізімге енгізіледі. Мұндай құрылғылар кейін ұялы байланыс қызметтеріне кедергісіз қосылады. Егер желіге тіркелген құрылғы "ақ" тізімде болмаса, ол уақытша "сұр" тізімге енгізіледі. Мұндай құрылғыға 30 күнтізбелік күнге уақытша желіге қосылу мүмкіндігі беріледі. Осы уақытта пайдаланушы құрылғыны верификациядан өткізуге тиіс. Егер 30 күн ішінде құрылғы тіркелмесе, оның ұялы байланыс қызметтері бұғатталады және ол "қара" тізімге енгізіледі", – деп түсіндірді ол.

БАҚ өкілдері верификациядан өтпеген смартфонды сатып алып, оны үйінде қорапты ашқаннан кейін ғана білген жағдайда не болатынын сұрады. 

"Егер телефонды сатып алып, қорабын ашсаңыз, оны сатушыға қайтара алмайсыз. Сондықтан сатып алмас бұрын құрылғының верификациядан өткен-өтпегенін тексеруге кеңес береміз. 2019 жылдан бері "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 30-бабы бар. Онда қайтаруға және айырбастауға жатпайтын тауарлар санаттары көрсетілген. Абоненттік құрылғылар да осы тауарлар қатарына кіреді. Бұл норма алты жыл бойы жұмыс істеп келеді", – деді телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабенов.

Алайда министрлік "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңға өзгерістер енгізу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Қазіргі заңнамаға сәйкес құрылғыда зауыттық ақау болғанда ғана оны сатушыға қайтаруға болады.

"Егер құрылғы верификациядан өтпеген болса, оны қайтара алмайсыз. Бұл мәселені (қорабы ашылған смартфондарды қайтару мүмкіндігін қарастыру – ред.) қарастырамыз. Бұл мәселеге жауапты орган – Сауда және интеграция министрлігі. Біз бұл мәселені пысықтап, қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізуді бастаймыз", – деді Олжас Қабенов.

Жаңа ережелер 2025 жылдың 25 наурызынан бастап күшіне енеді. Бұл ережелер тек осы күннен кейін әкелінген құрылғыларға қолданылады. Қазақстанда қазір тіркелген телефондар автоматты түрде "ақ" тізімге енгізіліп, шектеусіз жұмыс істей береді.



Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың 24 наурызынан бастап мобильді құрылғыларды тіркеу ережелері өзгеретінін жаздық. Бұл жаңашылдықтар тек сол күннен кейін елге әкелінген телефондарға қатысты. Қазақстанда қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған және дерекқорға енгізілген құрылғылар еш қиындықсыз әрі қарай қолдана береді. Қазір елде 3,7 миллионға жуық телефонның IMEI коды қайталанып тұр. Бұл заңсыз әкелінген құрылғылардың көп екенін көрсетеді. Мұндай жағдай телефон ұрлығын көбейтіп, құрылғылардың қайдан келгенін бақылауды қиындатады. Сонымен қатар әділетсіз бәсекелестікке жол ашады дейді мамандар.

Талқылау