Қостанай әкімдігі 27 миллион теңге жұмсап әзірлеген "Smart Qostanay" қосымшасын 25 миллионға қайта жаңартпақ
Қостанайда 27 миллион теңгеге әзірленген "Smart Qostanay" мобильді қосымшасын әкімдік тағы ширек миллион теңгеге өзгертулер енгізіп, ондағы ақауды жөндетпек. Stan.kz тілшісі әкімдіктен қосымшада қандай ақау пайда болғанын және оған қанша қаржы жұмсалғанын анықтап көрді.
Фото: Data.egov.kz
Қостанай облысының әкімдігі 27 миллион теңгеге әзірленіп, сатып алынған "Smart Qostanay" мобильді қосымшасын бюджеттен бөлінетін 25 миллион теңгеге жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргізбек.
“Мобильді қосымшаны әзірлеуге және сатып алуға 27 миллион теңге жұмсалды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша сервис құруға 25 миллион теңге бағыттау жоспарланған”, – деп мәлімдеді Қостанай облысының әкімдігі.
Қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі қызметтер туралы ақпарат беріп, цифрлық қызмет алуға көмектесетін (дәрігерге жазылу, автовокзал, теміржол вокзалы, әуежай кестесі, әкімшілік айыппұлдарды тексеру) "Smart Qostanay" қосымшасы енді мүгедектігі бар жандарға да қолжетімді болмақ. Алайда мүгедектігі бар жандарға арнайы бейімделген цифрлық платформа құру үшін бюджеттен тағы 25 миллион теңге бөлінуі керек.
Айта кету керек, қосымшаны небәрі 10 мың адам жүктеп алған.
Сондай-ақ мобильді қосымша 5 жыл сәтті жұмыс істеген. Алайда біліксіз әзірлеушілердің кесірінен 2023 жылы қосымшада ақау пайда болған.
“Қосымшаның техникалық қолдау келісімшарты сенімсіз әзірлеушіге беріліп, бұл бірнеше қызметтердің жұмысының бұзылуына және пайдаланушы тәжірибесінің нашарлауына әкелді. 2024 жылы қосымшаның барлық қызметі толығымен қалпына келтіріліп, оның өнімділігі штаттық режимге қайтарылды. Қазір қосымшаны одан сайын қолжетімді етіп, пайдаланушыларды тарту үшін халық арасында енгізу және танымал ету мақсатында іс-шаралар жоспарланып отыр”, – дейді әкімдік.
Фото: Goszakup.gov.kz