Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Скрининг дегеніміз не? Қазақстандықтар скринингтен қанша жасында өтуі керек?

Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде. Уақытылы скринингтен өту – аурулардың алдын алудың кепілі. Бүгінгі материалымызда скрининг деген не, медициналық тексерістің бұл түрі қалай жүзеге асырылады деген сұрақтарға жауап іздейміз. 

скрининг

Скрининг – бұл белгілі бір жастағы сау адамдарды алдын ала медициналық тексеруден өткізу, қауіп факторлары мен ауруларын ерте сатысында анықтау. Оны енгізу емдеудің тиімділігін жақсартады және асқынулардың дамуына жол бермейді. Қазақстан – ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) шеңберінде скринингтің 11 түрі жүргізілетін жалғыз ел.

Скрининг жүргізудің басты мақсаты – қоғамдық денсаулықты сақтау. Скринингтен өту әрбір азаматтың міндеті болып табылады. Жұмыс беруші тарап қызметкерлерінің скринингтен өтуі үшін барлық жағдайды жасауға, олардың тексерілуден асықпай өтуі үшін жұмыстан босатуға міндетті. Бұл туралы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінде айтылған. 

Скринингтен кімдер өтуі қажет?

Скринингтерден тексеруде қарастырылған белгілі бір жас тобына кіретіндер өтеді. Мәселен, жатыр мойны обырын скринингтен 30-70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда 1 рет өтуі керек. Егер осы жылы науқас скринингтен өту үшін тізімге енгізілсе, учаскелік медбике оны скринингке шақырып, тексеруге қалай дайындалу керектігін айтады.

Атйа кетсек, "Д" есепте тұрған адамдарға скринингке жататын ауруы бойынша тексеру жүргізілмейді. Скрининг жергілікті қызметтің медициналық мекеменің шақыртылуы бойынша жүргізуледі.

Скрининг ауқымына мыналар кіреді:

  • антропометриялық өлшеулер (бой, дене салмағы, бел шеңбері);
  • қан қысымын өлшеу;
  • мақсатты топқа байланысты зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізу.

Скринингтік тексеруді кімдер жүргізеді?

Скринингтеуді тіркелген жері бойынша емханалар жүзеге асырады. Елдімекендерде тұратын науқастар үшін олардың медициналық ұйымдарынан басқа жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық поездар скринингтеуден өткізеді.

Скринингті жүргізудің кезеңдері

Скрининг мынадай кезеңдерден тұрады: 

  1. Дайындық кезеңі;
  2. Қарап-тексеру және зерттеу кезеңі;
  3. Қорытынды кезең.

Дайындық кезеңін емханада медбике жүргізеді. Бұл кезең мыналарды қамтиды:

- тексеруден өтуі қажет тұрғындардың тізімін жасау;

- оларды скринингтеуден өту қажеттілігі мен шарттары туралы хабардар ету;

- халықты тексеріске шақыру;

- тұрғындарды уақытылы тексерістен өтуін қадағалау. 

Бұдан кейін  учаскелік дәрігердің, медбикелердің қабылдауы мен бейінді мамандардың көмегімен тексеру кезеңі жүргізіледі. Бұл тексерудің түріне байланысты зертханалық және диагностикалық зерттеулер болып жіктеледі. 

Қорытынды кезеңде толық тексеруді және зерттеу нәтижесінде анықталған патологиясы бар пациенттер динамикалық бақылауға қойылады. Скрининг қорытындысы медициналық ақпараттық жүйеге енгізіліп, науқасқа толық тексеру және бақылау кеңестер айтылады. 

Тексеру кезінде анықталған созылмалы аурулары бар адамдар есепке алынады. Бұған қоса, олар динамикалық бақылауда болады. Ал жіті аурулар анықталса, науқастарға тексеру жүргізіледі. Толығымен емделіп шыққанша олардың денсаулығы қадағаланып, тиісті ем тағайындалады.

Талқылау