СҚО-да су тасқынының кесірінен екі мыңдай адам жол жүре алмайды
Фото: Астана TV
Солтүстік Қазақстанда су тасқынының үшінші толқыны шарықтау шегіне жетпек. Мамандардың айтуынша, басты соққы облыс орталығына түседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Петропавлдан тоғыз шақырым жерде орналасқан Прибрежное ауылының тұрғындары жақын күндері жол жүре алмауы мүмкін. Ауылда екі мыңға жуық адам тұрады. Өткен жылдың көктемінде болған су тасқынынан үйлердің көпшілігі зардап шекті. Бір күн бұрын жолдың Прибрежныйға апаратын бөлігінде жеңіл көліктер үшін қозғалыс шектелді.
“22 сәуірде Прибрежное ауылына кіре берісте республикалық маңызы бар жолды су басып кеткен. Аталған жол учаскесінде Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылып, арнайы техникамен бейбіт тұрғындарды тасымалдау кестеге сәйкес ұйымдастырылған”, – деп мәлімдеді Қызылжар аудандық №13 төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Марат Бақтыбаев.
Ірі және ауылшаруашылық техникалары ғана өз бетімен жолдан өте алады. Сондай-ақ тұрғындардың облыс орталығының өзіне қатынайтын автобус бағыты да тоқтатылды. Қазір су төгетін құбырдың ұзындығы – 410 метр, биіктігі – 45 сантиметр. Бірақ жергілікті билік ауылға қауіп жоқ деп сендіреді.
“Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде күзгі-қысқы уақытта бөгеттерімізді нығайту жұмыстарын жүргіздік. Демек Тепличное, Прибрежное ауылдарында су басу, үйлерді су басып кету қаупі жоқ. Бөгеттерді, жағалауларды нығайту жұмыстары жүргізіліп, жер жұмыстары жүргізілді”, – деді Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов.
Еске салсақ, СҚО әкімі елді мекендерге қауіп жоқ екенін айтқан еді.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
