"СҚ-Фармация" мен МӘМС: Депутат бас прокуратурадан тексеріс пен жауаптыларды қамауға алуды талап етті
Фото: sk-pharmacy.kz
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "СҚ-Фармация" және фармацевтикалық компаниялардың қызметіне қатысты заңбұзушылықтар үшін бас прокуратураға ресми өтініш жолдағанын мәлімдеді. Өтініште авторлар құқық қорғау органдарының тергеуі ашық жүргізілетініне сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1 шілдеде мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "СҚ-Фармация" ЖШС-нің, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының, Бірыңғай дистрибьютордың және еліміздегі фармацевтикалық компаниялардың қызметіне қатысты бас прокуратураға өтініш түсірген.
"Журналистер мен қоғамға берген уәдем бойынша Жоғары аудиторлық палатаның аудит қорытындысында мемлекетке айтарлықтай залал келтірген заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін, мен Бас прокуратураға төрт өтініш жолдау туралы шешім қабылдадым.
Олар:
• "СҚ-Фармация" ЖШС мен фармацевтикалық индустрия субъектілерінің қызметіне қатысты;
• ӘМСҚ (МӘМС) және медициналық ұйымдарға қатысты;
• Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларға қатысты;
• 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі үкімет есебі бойынша бірқатар министрліктерге қатысты.
Құжатқа әріптесі Мұрат Әбенов те қол қойған.
"Прокуратура тарапынан фармацевтикалық салаға ауқымды тексеріс жүргізіледі, құқық қорғау органдары тарапынан сотқа дейінгі тергеулер, сондай-ақ қамауға алу және сот процестері болады деп күтеміз", – деді Бақытжан Базарбек.
Аудиторлық қорытындыға сәйкес, "СҚ-Фармация" ЖШС дәрілік және медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-дан 365%-ға дейін жоғары бағада сатып алған.
“Басқаша айтқанда, әдетте мыңдаған теңге тұратын бұйымдар ондаған және жүздеген миллион теңгеге сатып алынған. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары дәрілік заттарға деген қажеттілікті сапасыз жоспарлау салдарынан медициналық ұйымдар мемлекет сатып алған, жалпы сомасы 2,8 миллиард теңге тұратын препараттардан бас тартқан. Бұдан бөлек, "СҚ-Фармация" ЖШС бірыңғай мемлекеттік сатып алушы ретінде халыққа да, медициналық ұйымдарға да қажеті жоқ медициналық препараттарды сатып алған. Нәтижесінде бюджет қаражатына сатып алынған, жалпы сомасы 280 миллион теңге болатын дәрілік заттар есептен шығарылған. Логистика, есеп және шығындарды бақылау жүйесінің автоматтандырылмауы бюджетке 17,2 млрд теңге залал келтіріп, фармацевтикалық ұйымдарға артық төлемдер сомасы 538 млн теңгеге жеткен”, – деді депутат.
Түркістан облысында медицина қызметкерлері "Трамадол" дәрісіне жалған рецептер жазумен айналысқан
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек маусым айының басынан бері "СҚ-Фармация" мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі заңбұзушылықтарға назар аударып келе жатқанын жаздық. Ол фармацевтикалық саладағы тексерістерден кейін анықталған фактілер негізінде бірқатар құқық қорғау органдарына арыз түсіру бастамасын көтерді.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
