Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сиви ешқандай атаққа лайықсыз деген сынға әншінің өзі жауап берді

Осыдан бір ай бұрын, қазақ өнеріндегі майталмандардың басын қосып, 30 жасын шығыс стилінде дүркіретіп атап өткен Сивидің, дәл сол мерейтойында қуанышы еселене түскен болатын. Яғни, бикеш меншікті мерекесі күні «Еңбек даңқы» атағын алғанын айтып, дүйім жұрттан сүйінші сұраған еді, деп хабарлайды Stan.kz.

«Салалық мəдениет спорт жəне ақпарат қызметкерлерінің кəсіптік одағының шешімімен 2017 жылдың “Еңбек даңқы” төсбелгісіне мен ие болдым! Қолдауларыңызға көп рахмет! Мемлекет тарапынан берілген осындай атақтары алға қарай жүріп, одан əрі шабыттандыра түседі. Алла қаласа 2018 «Еңбек даңқы» төсбелгісін заң бойынша мен тағайындайды екем. Көп рахмет!», – деп ағынан жарылған Сиви, әлеуметтік желідегі парақшасына дәл осылай жазба қалдырған болатын.

Алайда, еңбегі еленгенін елге жария қылған Сиви ханымның, сол жазбадан кейін басы дауға қалып, оқырмандары кереғар пікірлерді қарша боратқан болатын.

«Əлі еңбегің сіңбеген, не үшін береді? Қанша ақша төлеу керек?!», – деп meirgul8676 атты әлеуметтік желі қолданушысы ашуға булықса, «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңданың заманы болып тұр. Ешқандай еңбегі сінбеген атақ, даңқ не керек? Сатып алынған», – дейді makhatova_asel5213 атты акаунттың иесі.

Ал, sarauksikbaeva051264 атымен тіркелген оқырман, «Аузы қисық болса да, байдың қызы сөйлесін деген заман болды ғой. Шынымен еңбегім сіңді деп ойлайсың ба?», – деп ренішін білдірсе,«Атың шықпаса жер өрте деген ғой. Ұят, ұят. Тақпай-ақ қойшы. Сен үшін халық ұялады. Расымен де, жетім жесірге көмектес, ауру балаларды емдеуге үлесіңді қос, сосын тағарсың, халықтың батасын алып», – деп kuttygulmuba есімді ғаламтор тұтынушысы жағымсыз жазба қалдырған.

Қазнетті шулатқан Сиви, бүгінде желіні дүр сілкіндірген жазбадан кейінгі даудан хабардар екен. Халық наразылығына ұшыраған бикештің көпшілікке берер жауабы да дайын көрінеді. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Махмуди, өзіне берілген марапат жайлы былай дейді.

«Ол енді сондай марапат. Еңбек сіңірген емес, бірақ жаста болса, жан-жақты септігін тигізіп жүрген деген марапат қой. Соны естіп елдің бәрі шулап кетті. Неге жас қызға бересіздер деп. Негізі оны үлкен кісілерге береді екен. Шыны керек, мен ол марапатты сатып алған жоқпын, я болмаса қалаған жоқпын. Тіпті, күткен де жоқпын. Шыны керек, Алла куә! Сол күні маған сый болды, өзім «шок» болдым», – дейді Сиви ханым.

Сиви ханымның сөзінше, соңғы 15 жылда отандық шоу-бизнестің өркендеуіне өз үлесімді қостым, сондықтан халықтың әлеуметтік желіде жазған сыны мен міні орынсыз деп отыр.

«Айтқан ел айта берсін. Мен жаспын ғой, бірақ өзімді соған лайықпын деп ойлаймын. Өйткені, жақында ғана 30 жасқа толдым. 15 жыл сахнада жүрмін. 15 жылдың ішінде көптеген дүниелер жасадық. Модель болдық, әнші де болды, актриса болдық, продюсер, журналист, қаншама жас әнші қыз-жігіттерді тәрбиеледік. Олардың болашағына, шығармашылығына қаншама септігімді тигіздім. Сонымен қатар, «Голливуд аруы» болғанмын, «Шығыс Еуропа аруы» болғанмын. Қаншама елге Қазақстанның атын танытып жүрген қазақтың жас қызы болып келе жатырмын. Үш баланың анасымын, ең бастысы. Жан-жақты болып жүрген қыз ретінде менің ойымша бұл атақты маған беруге болады деп ойлаймын. Бизнес-леди, яғни жалғыз әншілік емес, қаншама жолды алып жүрмін. Ондай қыздар өте аз. Мен өзімді осылай мақтап қояйыншы. (күледі)», – дейді Махмуди.

Жалпы, Махмудиді мұндай марапаттарға жиі ұсынатын көрінеді. Алайда, осы уақытқа дейін Сиви ханым талай мәрте бас тартып келген…

«Ұсыныстар да болған, өзімде кішкене естідім. Бірақ, мен білмеймін дедім. Өздеріңіз қараңыздар, өздеріңіз шешіңіздер деп айттым. Мен атаққа қызықпаймын, шыны керек. Маған ең бастысы көңілімнің тыныштығы. Халқым мені қабылдап, сүйіп, тыңдаса болды», – деген Сиви Махмуди, көпшілік көкейіндегі сыни-пікірлер мен сансыз сауалдарға осылайша өз жауабын берді.

Материалды  көшіріп басу үшін Stan.kz  сайтының хат түріндегі рұқсатын алу қажет.

Оқи отырыңыз:

Елімізге танымал «рэкетир» «Ерен Еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды (фото)

Желіде Баян Есентаеваның отырып алып биге басқан видеосы пайда болды (видео)

Димаш Құдайберген жас әнші Данэлия Төлешова туралы ойын ашық айтты

«Музарт life» тобының серісі Серікболсын Кішкенбаев пен актриса Динара Бақтыбаева шаңырақ көтерді (фото)

Талқылау