Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыртқы істер министрі Қытай елшісінің посткеңестік елдер егемендігіне қатысты сөзіне пікір білдірді

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров посткеңестік мемлекеттердің егемендігі мәртебесі туралы Франциядағы Қытай елшісінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Осы орайда ол 1992 жылы наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекет болғанын еске салды. Ұйымға қабылдау туралы шешімді Бас Ассамблея Қауіпсіздік кеңесінің ұсынымы негізінде іске асырады. Ал ҚХР аталған Қауіпсіздік кеңесінің тұрақшы мүшесі саналады.

"1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Қытай еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын алғашқылардың бірі болып таныды. Көп ұзамай, 1992 жылғы 3 қаңтарда екі ел дипломатиялық қатынастарды орнатқаны туралы ресми түрде жариялады. Халықаралық құқық бойынша дипломатиялық қатынастарды орнату мемлекетті халықаралық құқықтың субъектісі ретінде тануды білдіреді", - деді А. Смадияров елордадағы баспасөз мәслихатында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, 2002 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстан мен Қытай арасында тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы негізгі шартқа қол қойылды. Осы шартқа сәйкес, тараптар егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара таниды және құрметтейді.

"Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы барлық нақты тармақтарды тізіп шықтым. Қытай Сыртқы істер министрлігі өз елшісінің әрекетіне қатысты түсініктеме беріп, өз ұстанымын білдірді", - деді ресми өкіл.

Еске сала кетсек, ҚХР Франциядағы елшісі Лу Шай КСРО мемлекеттерінің елдігі мен егемендігіне күмән келтірді. Тіпті сөзінде Қырым Ресейдікі дегенді де айтқан. Қытай елшісінің даулы сөзін ВВС жазды. Онда француз телеарналарының бірінде Лу Шай “бұрынғы КСРО елдерінің халықаралық құқықта тиімді мәртебесі жоқ. Өйткені олардың егемендігін айқындайтын, әрі нақты форма беретін халықаралық келісім жоқ" деп мәлімдеді.

“Тарих бар. Яғни Қырым о баста Ресейге тиесілі болды. Бірақ Хрущев Кеңес Одағы тұсында Украинаға сыйға тартты”, – дейді Қытай елшісі. 

Талқылау