Ішкі істер министрлігі мессенджерлерде балалардың ұрлануы мен мигранттар жайлы "шұғыл хабарламаға" қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Әлеуметтік желіден
Қазақстандықтарға мессенджерлер арқылы ішкі істер министрлігінен келгендей "шұғыл ескерту" туралы хабарламалар тарай бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мессенджерлерде таратылған ақпаратта азаматтарға үйлерінің есігін үнемі құлыптап жүру, сақтық пен қырағылық таныту, Сирия мен Ауғанстаннан келген кез келген иммигранттармен жақын қарым-қатынасқа түспеу жөнінде "кеңес" берілген.
"Барлық азаматтың назарына! Шұғыл хабарлама! Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасайды. Елдегі қалыптасқан шиеленісті жағдайға байланысты азаматтарға қатаң түрде мынадай сақтық шараларын ұстану ұсынылады:
• үйдің есігін үнемі құлыптап жүру,
• сақтық пен қырағылық таныту,
• Сирия немесе Ауғанстаннан келген кез келген иммигрантпен жақын қарым-қатынасқа түспеу, олар қандай да бір өтінішпен жүгінсе де,
бейтаныс адамдармен бірге лифтке мінбеу,
• түнде көшеге шығарда жақындарыңызды ескерту", – делінген тараған хабарламада.
ІІМ мессенджерлерде тарап жатқан, ішінде мигранттар мен балалардың ұрлануы жайлы айтылған "ескерту" жалған екенін мәлімдеді.
"Министрлік мұндай мәлімдеме таратқан жоқ. Азаматтардан тек ресми дереккөздерге сенуді және тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұраймыз. Күмәнді жағдайларда 102 нөмірі арқылы полицияға жүгінуге болады", – деді ведомстводағылар.
Сондай-ақ әдейі жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.
Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін шенеунікке алғаш рет айыппұл салынды
Қазақстандықтарға 70 мың теңгеден беріледі: Министрлік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтарды Украинадағы соғысқа шақырған жарнамаларға қатысты министр Аида Балаева түсініктеме берді. Оның айтуынша, министрлік әлеуметтік желілерде таралатын жалған әрі заңсыз материалдарды анықтап, сараптамаға жіберіп, кейін желі әкімшілігі арқылы жойып отыр. Дегенмен мұндай арандатушылық жарияланымдар жүйелі түрде тарай береді. Министр әлеуметтік желілерді бұғаттау мәселесіне де тоқталып, ең басты жауапкершілік – желіні қолданушылардың өзінде екенін айтты.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
