Сирияға аттанған секс-күңдер бастан кешкен азапты күндері жайында айтып берді
ИГИЛ әскері өздеріне «әйелді» түрлі тәсілмен табады. Соның бірі – ғаламтор арқылы танысу және әйелдің өмірін әдемі етуге уәде беру. Жалған «күйеужігіттердің» уәдесіне алданған сұлулар шынжырмен байланып күң базарына жеткізіледі екен. Ол аздай зорлық-зомбылыққа ұшырап, соққыға жығылады.
Шамамен жарты жылдай Татьяна Сирия аумағында, ИГИЛ террористері лагерлерінің бірінде күңдікте болған.
«Қыздар! Менің қателігімді қайталамаңдар, ол жақтан еш жақсылық таппайсыңдар! Бақытқа кенелу былай тұрсын, бейнетін тартып, қиыншылыққа тап боласыңдар!» – деп бастады әңгімесін Татьяна.
Әлеуметтік желідегі виртуалды махаббат қыздың басын тез айналдырып алған. Күн сайын кешкі уақытта Таня виртуалды әлемде Әмірханның хаттарына мастанып, жауап қайтару үшін компьютерге жетуге асығатын. Кей күндері кешқұрым басталған олардың әңгімесі таңға жуық аяқталатын. Әмірхан өзінің отбасы жайында жиі сөз қылып, үлкенге құрмет, әйелдерге деген қарым-қатынас жайында өз ойларын білдірген. Ақырында Таня оған ғашық болып қалған.
Ғаламтордағы «Ақ боз атты ханзадасын» Татьяна Сириядан таба алмады. «Ғашығының» мерт болғанын айтқан ИГИЛ-діктер Татьянаны басқа әйелдермен бірге жатақханаға орналастырған.
«Менен басқа көптеген қыздар болды. Олар жылап, аяушылық танытуға жалбарынды. Қыздардың арасында орыстар да, басқа да ұлт өкілдері бар еді. Бейтаныс қыз: «бізді күңдікке алып баратын шығар», – деді. Шынында да солай болып шықты. Бірнеше қызды (ішінде мен де бармын) шынжырмен байлап, белгісіз жерге алып барды. Ол адам саудасымен айналысатын аукцион еді. Бізді кезек-кезек еркек толы бір бөлмеге кіргізді. Ал еркектер біз үшін ақы төлеп, сатып алды», – дейді Таня.
Татьянаға Қайырбек есімді моджахедке тұрмысқа шығатыны туралы айтқан. Татьяна оған соғыстағы ерлігі үшін берілген. Сонымен қатар, ИГИЛ-діктер Таняға діншіл «күйеу» түскеніне қуану керектігін айтқан.
«Суицидке бармай, өмір сүруімнің жалғыз себебі – құлдықтан босап, үйіме қайтып, ұлыммен қауышып, бұрынғы өмірімді жалғастырсам деген үміт еді», – деп жалғады сөзін Таня.
Татьяна бір құдіреттің арқасында қашып құтылған. Астма талмасына ұшыраған Ресей азаматшасын жергілікті әскерилер ауруханасының біріне жеткізген. Санитар әйелдердің бірі оған аяушылық танытып, Түркияға қайтуы үшін Татьянаға құжаттарын қайтаруға көмектескен.
«16-жасар бөлме қамағында жатқан қыз күннің батуынан қатты қорыққан. Себебі дәл сол уақытта оны ИГИЛ-діктер зорлайтын», – деп жазады The New York Times басылымының журналисі Рукмини Каллимачи. Бір жыл бойы күңдікте болған қыз зорлаушыдан бала көтеріп қалудан қатты қорыққан екен.
«Алайда басқадан қорықса да, жүктіліктен қорыққандығы бекер», — деп жазған Каллимачи. Себебі оны сатып алған боевик оған жүктіліктен сақтандыратын бір қорап дәрі әкеп берген.
«Күн сайын мен сол еркектің көзінше дәріні ішуім керек болатын. Ай сайын бір қораптан беріп тұрды. Дәрі таусылған кезде ол жаңасын алып келетін. Мені басқа біреуге сататын болса, дәрілерді менімен қоса беріп жіберетін», — дейді бойжеткен. Алайда ол бірнеше айға дейін қабылдаған дәрілерінің жүктіліктен сақтандыратынын білмеген.
ИГИЛ көшбасшылары сексуалдық құлдықты топ қызметінің күнделікті жұмысына айналдырған. Секс-күңдердің саудасы төмендемесін деп олар жүктіліктен сақтандыратын дәрілерді пайдаланады екен. Осылайша олар әйелдерді зорлап, одан кейін бір-біріне еш уайымсыз сата алады.
ИГИЛ өзінің ресми басылымдарында еркектің заңды түрде күңдіктегі әйелдерді зорлауға құқы бар екендігін жазған. Топ мүшелері жарыққа шығарған брошюраға сәйкес, баласы бар әйелді де зорлауға рұқсат етіледі. Тек қана екіқабат әйелді зорлауға болмайды.
Езидтердің арасынан 12 жастан асқан қыздар мен әйелдерді зорлау және күңдікке сату – ИГИЛ боевиктері үшін қалыпты нәрсе. Олар 2014 жылдың өзінде-ақ күңдікті «институт» ретінде құратындарын айтқан. Қашып құтылған әр қыздан алынған сұхбат зорлық-зомбылықтың ИГИЛ-дің ресми заңында бар екендігін көрсетеді. Ал секс-күңдерді сату үшін арнайы инфрақұрылым да жасалған. Террористер бақылай алатын аймақта құрбандарды ұстап отыратын, тексерістен өткізіп, тауар сияқты таңбалайтын қоймалар желісі бар. Сондай-ақ, күңдерді тасымалдау үшін автобус парктері де қарастырылған.
“Ислам Мемлекеті” сексуалдық күңдікті нағыз бюрократияға айналдырды. Олар басқаратын билік заңдастырған сотпен әйелдерді саудаға шығарудың «келісімшартын» жасақтаған. Езид күңдері консервативті мұсылман қауымының арасында кең танымалдылыққа ие. Онда әйелдермен кездейсоқ танысып, жыныстық қатынаспен айналысу «табу» болып саналады.
Малика Кирзнева
Жіберіп алмаңыз:
Уэльсте имам жастарға секс-құлдық иеленуге болатынын айтқан
Науруда құлдыққа тыйым салып, гомосексуалдық пен суицидке рұқсат берілді
Ресейден асырап алынған америкалық бала секс-құлдыққа салынған