Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоңыржай жылы": Қазақстанда алдағы қыста ауа райы қандай болады

ауа райыФото: istockphoto.com

“Қазгидромет” РМК Қазақстан бойынша 2025 жылғы қараша-2026 жылғы наурыз аралығына консультативтік маусымдық ауа райы болжамын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Синоптиктердің болжамынша, 2025 жылғы қарашада Қазақстанның басым бөлігінде көбіне қар түріндегі жауын-шашын болады деп болжанып отыр. Оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда қар аралас жаңбыр болады деп болжанған. Қатты жел, бұрқасын, көктайғақ және тұман бір ай ішінде көбіне елдің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында болуы мүмкін.

Қараша айында ауа температурасының ауытқуы жиі байқалады, яғни "температуралық кұбылу" болжанды.

Республиканың солтүстігінде, орталығында, шығысында бірінші онкүндіктің басында ауа температурасының түнде 2-7 градус аяздан 0-5 градус жылыға дейін, күндіз 2-7 градус жылыдан 5-10 жылыға дейін жоғарылауы болжанған. Онкүндіктің соңына қарай түнде температураның 7-12 аязға дейін, күндіз 0-5 аязға дейін біртіндеп төмендеуі болжанады.

Қарашаның екінші және үшінші онкүндігінде ауа температурасының түнде 5-12 градус аяздан 10-16 градус аязға дейін, елдің орталығында және шығысында 18 аязға дейін, күндіз 3 аяз–2 градус жылыдан 5-10 градус аязға дейін ауытқуы болжанған.

Айдың соңында ауа температурасы түнде 15-20 градус аязға дейін, күндіз 10-15 градус аязға дейін төмендейді.

Республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында бір ай ішінде түнгі уақытта ауа температурасының 3-12 градус аяздан 0-7 градус жылыға дейін, күндіз 1-6 жылыдан 8-18 жылыға дейін ауытқиды. Қараша айының соңында жекелеген күндері аязды күндер түнде 5-15 аязға дейін, күндіз 0-5 аязға дейін күшеюі мүмкін.

Жалпы қараша айында ауа температурасы елдіміздің барлық аймағында нормадан 1°С жоғары болады деп болжанады (нормалар бюллетень кестесінде келтірілген).

Қараша айында жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде норма шамасында, елдің батысында, солтүстік-шығысында нормадан көп болады деп болжанады (Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының басым бөлігінде, Атырау, Маңғыстау облыстарының батысында, Қостанай облысының солтүстік-шығысында және Абай облысының шығысында).

Алдын ала болжам бойынша қыс мезгілі қоңыржай жылы болады.

Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болжанады. Бірақ кейбір кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ құбылыстарымен, тұмандар, мол жауын-шашынның түсуі де мүмкін Сондай-ақ қыс мезгілінде қар жамылғысында мұз қабыршығы пайда болуына ықпал ететін "температуралық құбылу" болжанады.

Желтоқсан айында ауа температурасы елдің басым бөлігінде норма шамасында, республиканың солтүстік-батыс жартысында нормадан 1°С жоғары; (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Ақмола облысының солтүстік-батысында), Шығыс Қазақстан облысының қиыр солтүстік-шығысында нормадан 1°С төмен болады (Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында).

Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, орталықта, елдің шығысының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының шығысында, солтүстік аймақтың оңтүстік жартысында және оңтүстік облыстардың қиыр солтүстігінде нормадан аз болады деп болжанады.

Қаңтар айында ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың шығысында нормадан 1°С төмен болады деп болжанды (Абай, Жетісу облыстарында, Алматы облысының басым бөлігінде, Қарағанды, Павлодар облыстарының шығысында).

Жауын шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болады (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында).

Ақпан айында республика бойынша орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2°С-қа жоғары болады деп болжанды. Республиканың бүкіл аумағында жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп болжанады.

Алдын ала болжам бойынша наурыз айында температура бүкіл ел бойынша нормадан 1°С жоғары болады деп болжанды.

Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының, Жетісу облысының және Шығыс Қазақстан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында), Маңғыстау облысының басым бөлігінде нормадан аз болады деп болжанды.

Айнұр Мұхади
Жұма, 17 Қазан, 2025 14:50
Талқылау