Шымкенттік 1,5 млн теңге жұмсап, көлігін караоке таксиге айналдырды (фото, видео)
Шымкент тұрғыны ескі көлігін караоке бөлмесіне айналдырған. Бүгінде ол қозғалатын караокені кәсіп қылып отыр. Ал Шымкент тұрғындары бұл көлікті “Алтын адам мәшинесі” деп атап кетіпті. Әрі отбасылық мерекелеріне жиі шақыратын көрінеді.
Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі еркше караокеде ән салып, қожайынынан сұхбат алып көрген еді.
Қала тұрғындары мереке кезінде бұл көлікке алдын ала ақысын төлеп, келісіп қояды екен. Себебі, бұл караокеде ән салғысы келетіндер көп. Жүргізушілер ән салып, демалғысы келгендерді қаланың көрікті жерлеріне де алып барады.
Караоке қожайыны қонақтардан сағатына 3000 теңге алса, той серуені сынды бір күндік уақытты алатын мерекелер үшін 10 000 теңге алады екен.
«Мен басында осындай кәсіп ашамын деп ойлаған жоқпын. Өзім ән айтуға, көлікті ерекше безендіруге қызығамын. Негізгі жұмысым әуежайда. Онда екі күн істеп, екі күн демаламын. Сол демалыс кездерінде таксиші болып жүремін.
Үш жыл бұрын көлігіме дауысы тынық шығатын калоңкалар ала бастадым. Караокеге қажетті заттарды. Сөйтіп жүргенде көлікке отырған кісілер ән айтайық, достарымызбен отырсақ болады ма деп сұрай бастады. Содан караоке көлік иесіне айналдым»,-дейді Жандос Нажмадинов.
Ол көлігінің ескі екенін де жасырмайды. Машинаның ішін және сыртын осы қалыпқа келтіру үшін 1,5 млн теңге шамасында қаржы жұмсапты. Жарықтар мен караокеге қажетті құралдарды Қытай мен Түркиядан алдырыпты.
«Көпшілік «мына машинаңыз үшін жол полициясы айыппұл салған жоқ па?» деп сұрайды. Мен көліктің ішін безендірдім, жарықтарын да ішіне қойдым. Сыртына жолдағыларға, көлік жүргізушілеріне кедергісін тигізетін қосымша дүниелер жоқ.
Сондықтан заңға қайшы ештеңе жасап жүргенім жоқ деп жауап берем. Бірақ, бұл көлікпен жүрген кезде түрлі қызықтар болып тұрады. Бірде осы көліктің көмегімен жігіт үйленетін қызына ұсыныс жасады»,-дейді «Алтын көлік» қожайыны.