Шымкентте арбаға таңылған мүгедек жан тірідей өртеніп кетті
Шымкентте пәтер өртеніп, бір адам көз жұмды. Бұл оқиға 28 сәуір күні Тұрлан экспедициясындағы жеке үйдің бірінде болған.
Тілсіз жаудың кесірінен үйдегі барлық зат жанып кеткенімен қоймай, арбаға таңылған қария да мерт болған. Мүгедек қарт өздігінен жүре алмай, арбаға таңылған екен, деп хабарлайды otyrar.kz.
Күлі қалған үйдегі қызыл жалынды өрт сөндірушілер әрең дегенде ауыздықтаған. Үйдің ішінде тірідей өртеніп кеткен қарт кісінің денесі жатыр. Арбаға таңылған 88 жастағы зейнеткер өмірін сақтап қалғысы келді ме, өздігінен қимылдауға әрекет еткен. Алайда, үйде жалғыз қалған мүгедек қария бұл кезде ажалға қарсы тұра алмай, мерт болады.
Төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің сөзінше, жеке үйдегі өрт 28 сәуір күні таңғы сағат 6 шамасында болған. Өрт сөндіру үшін 4 техника мен жеке құрамның 21 қызметкері жұмылдырылған. Қызыл жалынның шығуына есік электр сымдарының тұйықталуы себеп болуы мүмкін дейді мамандар. Бірақ, бұл нақты болжам емес. Қазір оқыс оқиға болған жерде тексеру жұмыстары жүруде.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 164 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан үш адам зардап шегіп, бес адам қаза тапқан. Тілсіз жаудың басым бөлігі жеке үйлерде болады дейді құтқарушылар.
Тағы да оқыңыз:
Қазақстанда мамыр айында ауа райы қандай болады
ОҚО тұрғыны 23 жылдан соң тапқан немересін жақын досының қызына үйлендірді