Шымкентте 76 жастағы қария күннің суығына қарамай өзенге шомылып жүр
Шымкенттің қақ ортасынан ағып өтетін Қошқарата өзенін жұртшылық жақсы біледі. Оның суына бойыма шипасы дарысын деп ниет еткендер жыл он екі ай бойы шомылып жатады.
Сондай жандардың бірі – бүгінде жасы 76-дағы Бақтияр Жарқынбаев ата. Ол кісінің Қошқарата суына шомылып жүргеніне қазір 20 жылдай уақыт болыпты, деп жазады Замана газеті.
Біз мұны ол кісінің өзімен әңгімелескенде білдік.
«Менің аяқ-қолым қақсап, қан қысымым көтеріліп кете беретін еді, – дейді ол кісі. – Содан көршім осы Қошқарата суының шипалылығы, соның арқасында ауруынан айыққаны жөнінде айтып, маған да осы суға түсуге кеңес берді. Суына бірнеше мәрте түскеннен кейін-ақ өзімді жеңіл сезініп, ұйқым тынышталып қалды. Ал бұлақ басынан су ішуді күнделікті әдетке айналдырғанмын. Содан бері қысы-жазы осы суға шомылып, ауруымнан құлантаза айықтым. Қошқарата суы қан қысымын реттейді, буыны қақсағандарға ем болады екен.
Бұл жерге келушілер саны өте көп. Қошқарата суының шипасын көріп, ауруынан құлантаза айығып кетіп жатқандар жеткілікті».
…Атаның туған жері Қазығұрт ауданының Алтынтөбе ауыл әкімшілігіне қарасты Қосағаш ауылы екен. Ол кісі жас кезінде тракторшы болыпты. Кейін Қаратас ауылындағы №23 училищеде мастер болған, Астана жақтағы Шортанды ауданында ұрық шаруашылығында моторшы болып жұмыс істепті.
«Жас кезімде жұмысқа өте құмар едім, – дейді ата. – Осы жасқа жетіп отырғаным бірінші Алланың, екінші сол жұмысқа құмар болғанымның арқасы шығар. Өйткені көп қимыл-қозғалыста болған адамның денесінде қан жақсы жүріп, денсаулығы мықты болады. Мен қазір Қошқаратаға дейін 5 аялдама бойы жаяу келіп, жаяу қайтамын. Таңертең және кешке дене жаттығуларын жасауды әдетке айналдырғанмын. Алла-тағаланың аманат етіп берген денсаулығына қиянат жасағым келмейді.
Жұртқа айтар кеңесім: осы Қошқарата суына келіп шомылыңыздар, суын ішіңіздер! Бұл суда ағзаға пайдалы элементтердің барлығы бар. Дәріханадан қымбатқа дәрі алғанша, аурудың алдын алып, денсаулыққа жақсылап қарау керек.
Менің қазір еш жерім ауырмайды. Бұл мақтанғаным емес, жұрт ойлансын деймін. Өз қолымызда барды бағалай білсек, Алла-тағалам несібемізді үйіп-төгіп берген. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік, ағайын!»
Жаз демей, қыс демей Қошқарата суына шомылып жүрген Бақтияр ата осылай дейді. Ол кісінің айтқандарын әсіресе қазіргі жастар құлағына құйып алса екен дейміз.