"Шұғыл хабарламаларды ала алмайды": Төтенше жағдайлар министрлігі iPhone мен қытайлық телефон иелеріне ескерту жасады
Фото: istockphoto.com
Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі Қытайда шығарылған смартфондар мен кейбір iPhone иелеріне үндеу жасады. Бұл құрылғылар апат кезінде шұғыл хабарламаларды ала алмауы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрлігі Cell Broadcast технологиясын қолдана отырып, халықты мобильді құрылғылар арқылы жедел құлақтандыру жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Жүйені еліміздің барлық аумағында кезең кезеңімен енгізу мақсатында сейсмикалық белсенді 11 өңір анықталған. Қазір “Mass Alert”ақпараттық жүйесіне Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары қосылған.
“Жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында қытайлық кейбір мобильді құрылғыларда (Huawei, Xiaomi және т.б.) Cell Broadcast арқылы жедел хабарландыру қызметі операциялық жүйе баптауларында әдепкі қалпында өшіріліп тұрғаны анықталды. Соның салдарынан мұндай құрылғылардың иелері “Mass Alert” ақпараттық жүйесі арқылы жіберілетін төтенше хабарламаларды алмауы мүмкін”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар төтенше хабарламаларды ала алмау қаупі мына құрылғыларда да сақталады:
- iOS 18 нұсқасынан төмен операциялық жүйесі бар iPhone құрылғыларында;
- Қазақстан аумағына ресми сертификаттаусыз басқа елдерден әкелінген мобильді телефондарда;
- Қазақстандағы ұялы байланыс операторларының желілерінде тіркелмеген құрылғыларда;
- Қазақстанда пайдалануға арналмаған, яғни "рұқсатсыз енгізілген" мобильді құрылғыларда.
Министрлік мәліметінше, аталған құрылғыларда Cell Broadcast хабарламаларын қабылдау баптаулары шектеулі болуы, мүлде болмауы немесе дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл жағдай қауіп төнген кезде немесе төтенше жағдайлар туындағанда азаматтардың жедел ақпаратты уақытында алмауына әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты министрлік азаматтарды:
- мобильді телефонның баптауларында жедел хабарламалар (Cell Broadcast) функциясының бар-жоғын және қосулы тұрғанын тексеруге;
- Қазақстанға ресми түрде әкелінген және тіркелген мобильді құрылғыларды пайдалануға;
- смартфонның операциялық жүйесін уақытылы соңғы нұсқаға дейін жаңартып отыруға шақырды.
Еске салсақ, 2025 жылдың басында Қазақстанның бүкіл аймағына Mass Alert шұғыл хабарлау жүйесі енгізілетіні туралы жазған едік.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты