Швециядан пошта арқылы есірткі тасымалдаған Қазақстан азаматы 18 жылға сотталды
Қазақстан азаматы Швециядан келген есірткі салынған қорап үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қаржы мониторингі агенттігі
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты халықаралық есірткі бизнесімен айналысқан азамат Д-ға қатысты үкім шығарды.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, сотталушы Швециядан 479 грамм гашишті (аса ірі көлемде) құжаттарға арналған қорапқа жасырып жеткізуді ұйымдастырған. Есірткілер одан әрі сақтау және нашақорлар арасында таратуға арналған.
3 келі есірткіні газдалған сусынға ерітіп шекарадан алып өткен: Шымкентте Ауғанстан азаматы сотталды
Сотта мемлекеттік айыптаушы күдіктінің кінәсін дәлелдейтін айғақтар келтірді. Құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында 500 дозадан астам есірткінің таралуына тосқауыл қойылды.
"Сот алқабилердің қатысуымен өтті, олар бірауыздан сотталушыны кінәлі деп тапты. Сот оны 18 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ", – делінген прокуратура хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Швециядан Астанаға пошта арқылы тасымалданған сәлемдемеден есірткі заттары табылғаны туралы жазған едік.