Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шоқыну мерекесін православие қау­ымынан асып тойлайтын қазақтар елді ашуландырды

Аяз буып тұр ғой – табиғат тіліне дауа жоқ. Ашу да буып тұр – ағайынның діліне дауа жоқ. Күрмелген тіліңді қалай кесерсің, дүбәра діліңді қалай шешерсің?! Қаржасар қауқар қайсымызда, Арқада жүрген ағайын да, Алтайда жүрген ағайын да аяз буғалы «крещенский мороз» деп жүр.

Шіркін, «Алтайдың аязы», «Арқаның аязы» деген аяулы сөзді естісек, жарғақ құлағымыз садақа ғой. Арқар­дың сақасындай сыпа сөзімізден неге жиренеміз, деп жазады Егемен Қазақстан. 

Бұл бұл ма?! Біз «Креще­ние­ні» де күллі православие қау­ымынан артық атап өте бас­тағандаймыз. Қараңыз, Астана қаласы төтенше жағ­дай­­лар басқармасы бас­шы­сының орынбасары Бейбіт Садықов биылғы діни ғұрыпқа Есіл өзенінің Салтанат сарайына жақын тұсы­нан екі бірдей мұз ойық әзірленгенін мәлімдеді. Себеп, жылдан жылға жергілікті жұртшылық арасында діни рәсімге қаты­су­шылар артып келе жат­қан көрінеді. Әрине елорда тұрғындарының дені өз қа­ра­көздерімізбен толығып жа­тыр.

Бірақ қаракөздеріміз өзіміз болғанымен, көкірек көзі өзіміздікі емес сияқты. Әйтпесе интернет желілерінде өзге ұлыстың қасиетті мереке­сінің бел ортасында мәз-мей­рам болып шомылып жүр­ген қазақтардың бейнетаспалары таралмас еді ғой. Иә, өзгеріп барамыз. Ой жарысы жағынан емес, дарақылық додасы жағынан өзгергеніміз қынжылтады. «Сынықтан бас­қаның бәрі жұғады» дегенде, бөтегеге бүккен санадағы сырқат, иммунитеттегі әлсіздік дәл осылай қалқып шығады деп әсте ойламаған екенбіз. Орға омақасатын олақтығымызға орын жетпей бара жатқандай ма, қалай? Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев «Твиттердегі» парақшасына «Меніңше, қасиетті Крещение кезінде қазақтардың топырлап жапа-тармағай суға түсуі орынсыз әрекет сияқты. Сырттан, әсіресе шетелден келген адам­дар­ға бұл әрекет ерсі болып көрінеді» деп жазды.

Қа­з­ақ елі бүкіл дүниеге түркі әлемі­нің от жаққан ошағы, онан кейін Орталық Азиядағы туыс­­тас халықтар сияқты емес, тілі, ділі мұсылман болса да көпконфессиялы қоғам құруы­мен танылды. Яғни біз дәл осы «Крещениеде» шоқыну туралы ойдан ада болсақ та, олармен (діні басқалармен) жарысып ойыққа түспеуіміз керек еді. Осының өзі өзге сенім мен нанымға құрмет көрсеткеніміз болар еді. Дін тұрғысынан қарағанда, Иса пайғамбардың Иордан өзеніне түсуінен бастау алатын Крещениедегі мұздай суға шомылу шіркеу қатарына қабылдауды, яғни шоқындыруды білдіреді. Сондықтан бұл «шоқынуға» жол болсын!? Әрине әлдекім­дер мұны шынығудың бір түрі деуі де мүмкін.  Ілкіде университетте бір оқытушымыз болды. Жарықтық, қыстыгүні де жалаңаяқ жүретін. Соның сырын сұрағанымызда, атақты Порфирий Ивановтың суық су құйыну әдісімен өзін дәрі­гер­лердің емі жетпеген ауру­дан жазып алғанын айтқан еді. Бірақ бұл күнделікті өмір сал­ты ғой. Есілге, Ертіске мұз ойық­қа мұңсыз сүңгіп шығып жат­қандар шынымен саламат­тылық салтын қуаласа, осы жолмен неге жүрмейді деген сауал туады.

Абай айтады: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан аз­бай­ды, ақылдың сөзін ұғып алар­лық жүректе жігер, қайрат, бай­лау­лылықтың жоқтығынан азады». Хәкім он төртінші қара сөзінде осылай дейді. Жал­пы, жан қиналған кездегі бағдаршамымыз – Абай. Ал дін мен діл мәселесінде абайлау­ды білмейтін ұрпаққа Абай ғақлияларын жиі-жиі оқыт­­қан абзал. Бір заманда байтақ далада әскери бекі­ніс­тер салынғанда зеңбірек тұмсығымен бірге ұмсына енген шіркеу қоңырау­лары бабалар жүре­гін шайлықтырса, бейбіт күндегі бұл «шоқыну» бетке шіркеу болып тұр.

Тағы да оқыңыз:

Мұсылмандық бейнесінде жасалған шоқыну суаты желіде шу болды 

Павлодарда 11 жастағы қыз өз кәсібін ашып, табыс тауып отыр

Жантүршігерлік өлім: Студент көрші қызды өлтіріп зорлап, соңынан өзіне қол салды

Талқылау