ШҚО-да тұрғындарды балағаттаған ауыл әкімі айыппұлмен құтылып кеткен: Өңір басшысы себебін түсіндірді
Видеодан скрин
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО әкімі тұрғындармен кездесуде оларды балағаттаған ауыл әкіміне қатысты қандай шара қолданылғанын айтты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімнің айтуынша, оқиғадан кейін бірқатар тексеру жүргізіліп, жауапты тұлғалар жазаға тартылған.
"Әрине, мен облыс әкімі ретінде мемлекеттік қызметкерлердің мұндай әрекеттеріне қарсымын. Оқиғадан кейін қызметтік тексеріс болды, мемлекеттік қызмет департаменті бізге тиісті нұсқамалар берді. Соған сәйкес біз ауылдық округ әкіміне де, спорт басқармасының басшысына да қатаң сөгіс бердік. Сонымен қатар бұл салаға жауапты менің орынбасарым мен аудан әкімі де жауапкершілікке тартылды", - деді Сақтағанов.
Ол ауыл әкімі неге қызметтен босатылмағанын да түсіндірді.
"Ол ауыл әкімі жергілікті сайлау кезінде сайланғандықтан, жұмыстан босатылмайды. Сол кезде аудан тұрғындары шағым түсірген еді. Ол аудан тұрғындарын балағаттамағаны белгілі болды. Әрине, оны ақтамаймын. Мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Ол қоғамдық жерде балағат сөз айтқаны үшін айыппұл төледі", - деді облыс әкімі.
Қазан айында желіде Қуаныш Төлеухан есімді ауылдық округ әкімі жергілікті тұрғындармен әңгіме барысында бейәдеп сөздер қолданғаны туралы видео жарияланған болатын. Видео кадрларында ол видеоны түсіріп тұрған адаммен сөз таластырып, үстелді жұдырықпен ұрып, ашу үстінде бірнеше рет балағат сөз айтқаны көрінеді.
Осыдан кейін облыс әкімдігі Зайсан ауданының ауыл әкімінен ресми түсініктеме беруді талап етті. Кейін Қуаныш Төлеухан ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланды. Даулы видеодан кейін ауыл әкімі көпшілік алдына шығып кешірім сұрап, неге өзін ұстай алмағанын түсіндірді.
Кейін ШҚО-дағы тұрғындарды балағаттаған ауыл әкімі айыппұл арқалағаны белгілі болды.
Боксшыларға жасалған жағдай бізге де жасалу үшін Олимпиада чемпионы болу керек — Ауыр атлетикадан Әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы