Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да 6 млн теңгеге салынған әжетханалар қаңырап істемей тұр

Шығыс Қазақстанда алты миллион теңгеге салынған дәретханалар қазір істемей тұр. Тұрғындар болса, тұратын баспанасының сапасын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қымбат әжетханалар Катонқарағай ауданында салынған. Бірі аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында. Енді бірі Берел қорғанының маңында. Барлығы бес дәретхана. Әрқайсысының құны алты миллион теңгеге жуық. Іші жылы, суы бар. Тіпті осы үшін бір тазалаушы айлық алып отыр. Бірақ сол дәретханалардың игілігін көрген ел аз. Есігі жабық. Тұтқасы сынық. Қайта қасындағы бұрынғы әжетханаға халық көп кіріп-шығады екен. Кім келсе де есігі күні-түні ашық тұр.

"Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қыс айлары болғандықтан, суық болғандықтан, іші дұрыс жылу ұстамағандақтан, кей әжетханалар істен шығып тұр", - деді  Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанұлы.

Ал аймақтағы кейбір үйлердің құны дәл қазіргі уақытта бес жүз мың теңгеден басталып сатылып жатыр. Осыдан он жыл бұрын "Нұрлы көш" бағдарламасымен салынып, қандастарға деп берілген. Қазір тұрып жатқан отбасыларға бағасын біраз төмендетіпті. Бірақ мезі болған мұндағы жұрт мерзімі өтті деп, сапасына байланысты қатты қынжылды.

"Бағалағанмен, үй сапасыз. Гипсокартоннан салынған жұқа үй. Қазір үйдің асты, едені бәрі түскен. Қабырғалары астының бәрі шіріген. Төбенің бәрі қисайған. Енді уақыты жетіп, құлағалы тұр десек те болады", - деді Өскемен қаласының тұрғыны Серік Қонысбай.

Бұл үйлер 2011 жылы алғаш берілгенде басқаша еді. Жаңа. Сол кезде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, алғашқы үйлердің кілтін өз қолымен табыстаған-тын.

"Бұл үйлер алғаш осыдан он жыл бұрын "Нұрлы көш" бағдарламасымен салынған кезде бес миллионға бағаланған. Халыққа несиеге берілген. Бастапқы бірнеше айында халық төлеген. Одан халық шулаған соң үкімет жалдамалы үй ретінде ауыстырған", - деді "Аумақтық басқару орталығы" филиал директорының міндетін атқарушы Тілеухан Жильяз.

Сапасына да сын көп айтылды. Қағаз үй деп қаншама халық шулап көшіп те кеткен. Қыстың күні өртенгені де ел есінде. Сол үйлердің қаңқасы әлі тұр.

Гүлдана Қазтай
Жұма, 09 Сәуір, 2021 07:39
Талқылау