Шіріп кеткен: СҚО-дағы аудан әкімі қоныс аударушыларға берген үйлері үшін сөгіс алды
Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімі оңтүстіктен қоныс аударушыларға сапасыз баспана бергені үшін қатаң сөгіс алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Аққайың ауданының Астрахан ауылдық округінде 2019 жылы қоныс аударушыларға арналған жеті үй салынды. Үй иелері жаңа баспананың сапасына шағымданды. Олардың айтуынша, кейбір үйлерде қабырғаларда жарықтар пайда бола бастаған, сылақ түсіп қалған, ал басқа үйлерде едендер, қабырғалар, төбелер, жиһаздар мен заттар жоғары ылғалдықтан шіріп кеткен.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасына сәйкес, осы мәселе бойынша қызметтік тергеу жүргізілген.
"Оның нәтижелері бойынша жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушыларға берілген жеке тұрғын үйлердің құрылысы барысында жіберілген бұзушылықтарды уақтылы жоймағаны үшін аудан әкімі - Рүстем Елубаевқа қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды", - деп хабарлады баспасөз қызметінде.
Салынған үйлердегі анықталған ескертулерді тез арада жою туралы нұсқау берілді.
Сонымен қатар, аймақ басшысы аудандар мен мемлекеттік органдардың басшыларына мұндай бұзушылықтар үшін жауапкершілік , оның ішінде қызметінен босататыны туралы ескертті.
Жұмыс күші артық өңірлерден (Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстары, Алматы, Нұр-сұлтан қалалары) азаматтарды көшірудің мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде осы жылы Солтүстік Қазақстан облысына 574 отбасы немесе 1 746 адам келді, олар облыстың барлық аудандары мен Петропавлда қоныстанды.
Бағдарлама шарттары бойынша өңірге келгеннен кейін қоныс аударушылардың отбасыларына көшкені 35 АЕК-ке дейін немесе отбасының әрбір мүшесіне 97 230 теңге субсидия төлеу түрінде көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, облыста қоныс аударушыларға арналған үйлер бекітілген типтік жобалар бойынша салынып жатыр. Жаңадан салынған үйлерге қоныстанғаннан кейін, қоныс аударушылардың отбасылары қалдық құны бойынша бес жылдан кейін сатып алу мүмкіндігін қарастыра отырып, 20 жыл мерзімге жалдау шартын жасасады. Бір үйдің құны 7 миллион теңгені құрайды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
