"Шымкенттің нағыз қара домалақ қызымын": Анасы – қазақ, әкесі – афроамерикалық ару қазақи дәстүрді сіңіріп өскен
29 жастағы Дәлел Қуанышбекова Алматы қаласының тұрғыны. Қазақи тәрбиені сіңіріп өскен ару бойында афроамерикалық және арабтың қаны бар екенін де жасырмайды. Түр-келбетіме қарап, көп адам қай тілде сөйлеу керектігін білмей, тұрып қалады деген Дәлел қазақша сөйлегенде барлығы таңырқай қарайтынын айтады. Бүгінде отбасылы, үш баласы бар, қазақ азаматына тұрмысқа шыққан. Өзін нағыз Шымкенттің қызымын деген ару Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақ тілінің мәртебесін көтеру, Шымкент менталитеті және отбасы туралы айтып берді.
Дәлел Қуанышбекова, жеке архивтен
Дәлел Қуанышбекова Алматы қаласында туып өскен. Алайда 7 жасында Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Жаскешу ауылында көшеді. Шымкенттің тыныс-тіршілігі, менталитеті арудың қазақилықты сіңіріп өсуіне әсер еткен. Бой жеткен соң Дәлел әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін филология факультетіне түсіп, оқуды екі шет тілі мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда толық меңгеріп шыққан тілдердің ішінде қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдері бар.
“Түркістан облысы Шымкент қаласында ауылды жерде қазақи тәлім-тәрбие алып өстім. Өзімді ауылдан шыққан қазақтың қара домалақ қызымын деп айта аламын. Сол жерде оқып, білім алдым. Ауылдың тұрмыс-тіршілігіне толықтай бейімделдім.
Отбасым туралы айтсам, анам – қазақ, руы – найман. Биологиялық әкемнің ұлты –жартылай араб, жартылай афроамерикалық. Ол кісіні туғаннан бері көрген емеспін. Сол себепті ол туралы ешқандай ақпаратым жоқ.
Бала кезімде анам Оңтүстік өңірге тұрмысқа шықты. Сол себепті Шымкентке көштік. Отбасында екі қызбыз, сіңілім бар, Шымкентте тағы бір бауырым дүниеге келді. Ербол есімді ер азаматты әкем деп есептеймін. Ол мені бағып өсірген, әке орнына әке бола білген. Менің көріп өскен тәрбие, менталитетім оңтүстік өңірге сай, сондықтан өзімді нағыз Шымкенттің қызымын деп есептеймін. Оны мақтанышпен айта аламын”, – дейді Дәлел.
Дәлел Қуанышбекова, жеке архивтен
Адамдардың реакциясы
“Түріме қарап, көп адам қай тілде сөйлеу керектігін білмей, тұрып қалады”, – дейді Дәлел.
“Бәрінің реакциясы бірдей. Ойланып, таңғалып, қарап қалады. Қай тілде сөйлесем екен деп ойланып тұрады. Өзім үшін бұл жат нәрсе емес. Дүниеге келгеннен бастап тілім қазақ тілінде шықты. Ана тілім – қазақ тілі. Себебі мен балабақшада да, мектепте, университетте де қазақ тілінде оқып, білім алдым.
Өмірде көп қолданатын тілдің бірі – қазақ тілі. Адамдардың өзіне қарай бейімделемін. Сөйлеу мәнеріне мән беріп, қай тілге бейім екенін байқаймын, сол тілде сөйлеп кете беремін. Ал егер ойланып, тұрып қалып жатса, “қай тілде ыңғайлы, сөйлей беріңіз” деп айтамын”, – дейді ару.
Айтуынша, қазақша сөйлегеніне таңғалып жататын адамдар көп.
“Мұнда таңғаларлық ешнәрсе жоқ. Қазақтар басқа тілде сөйлеп жатса, ешкім таңғалмайды ғой. Сондықтан аса таңырқайтын дүние деп ойламаймын. Көбіне маған қарап, адамдар орыс тілінде сөйлейді”, – дейді Дәлел.
- "Шымкенттің біздің туған елімізбен ұқсастықтары көп": Африкадан келген ерлі-зайыпты ұстаздар қаладағы өмірі жайлы айтты
- "Бір айда TikTok-тан 500 мың теңге табамын": Сарыағаштық келіннің жарты жыл ішінде желі арқылы өмірі қалай өзгерді
Шымкенттің менталитеті мен дәстүрлері
“Шымкентте 11 жыл тұрдым. 7 жасыма дейін Алматы қаласына дүниеге келіп, осы жерде балабақшада оқыдым, содан соң анам Шымкент азаматына тұрмысқа шыққан соң мені өзімен бірге алып кетті. 1-сыныптан мектеп табалдырығын бітіргенше сонда болдым. Екі қала да – менің туған өлкем. Оңтүстік өңірдің менталитеті, салт-дәстүрі ерекше деп білемін. Себебі нағыз дәстүрді толықтай сақтап қалған Шымкент деп айтсам шатаспаспын. Басқа жерде салт дәстүр сақтала қоймаған”, – дейді ол.
Дәлелдің сөзінше, аралас ұлттың өкілі болғанына байланысты ешқандай қиындық көрген емес. Оның себебі тілді білуі деп есептейді.
“Егер мен не орыс тілін, не қазақ тілін меңгермеген болсам, мен үшін қиын болар еді. Қазақ тілін толық меңгергендіктен бала күнімнен ешқандай қиындық көрген емеспін. Кез келген жағдайдан шыға білемін”, – дейді ол.
“21 күй тарта аламын”
“Қазіргі уақытта уақытымның, назарымның барлығы бала-шағамда. Бірақ осы уақытқа дейін бала кезден диплом алған шағыма дейін домбырамен айналысатынмын. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра.
Қазақтың қаны бойымда бар болғандықтан шығар домбыра үйірмесіне баратынмын. Қазір қарап отырсам, 21 күй тарта алады екенмін. Ал қазір отбасылық жағдайға байланысты соңғы төрт жылда домбыраны қолға алған жоқпын”, – дейді ол.
Дәлел – үш баланың анасы. Екі ұлы, бір қызы бар. Келешекте балалары домбырада ойнаса деген арманы бар.
“Үлкені 6 жаста, ортаншысы 4 жаста, кішісі үште. Екі ұлымның қолына домбыра алғанын қалаймын. Олар нағыз қазақ, әкелері – қазақ, менің бойымда қазақтың қаны бар. Ал ер азаматтың домбырада ойнағаны мен үшін өте керемет дүние”, – дейді Дәлел.
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеу керек?
“Әр адам отбасынан бастау керек. Тілді толық меңгеру баланың тілі шығып, табалдырықты аттағанынан басталады. Өз тілінің қадір-қасиетін білсе және отбасы оны сақтай білсе, одан тарайтын ұрпақтың тілі мәңгі сақталар еді деп ойлаймын. Одан кейін адам балабақшадан бастап, мектеп, университет қабырғасына дейін қазақ тобына түсіп, білім алса, өз тілін, өздігін сатпайды деп есептеймін”, – деп бөлісті ойын Дәлел.
Ал қазақ тілін енді үйреніп жүргендерге Дәлел тілдің өзін ғана меңгеру жеткіліксіз екенін айтады.
“Сол елдің тұрмысы, мәдениеті, ұлттық тағамы, ата-бабадан келе жатқан тарихын зерттей келе қазақ тілін толықтай меңгеру мүмкін болады”, – дейді ару.