Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік кәсіпкерлер "Қиял әлемі" саябағын сүруге қарсы шықты

Видеодан скриншот

Шымкентте "Қиял әлемі" саябағын сүруге кәсіпкерлер қарсы шықты. Демалыс орнында кәсіппен айналысатын жандар жұмысшыларға кедергі келтіріп, ауыр техниканың алдын бөгеді. Тараптар арасында дау туындап, оқиға орнына полицияны шақыруға тура келген. Бірақ әкімдіктегілер бизнес өкілдерінің наразылығына қарамастан, дүңгіршектер мен аттракциондарды бұзбақ. Себебі қолдарында соттың шешімі бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шымкенттік кәсіпкерлер жүргізушілерге тап беріп, сүру жұмыстарына қарсы шықты. Ұзақ жылдар бойы саябақта табыс тауып жүрген жандар көшуге тағы уақыт беруді сұрайды.

“Енді жер берсін. Жер берген соң уақыт берсін. Себебі бізге оны құрастыру үшін бізге қаражат керек емес пе? Біз осы жақта жұмыс істеп ол жақты құрастырамыз. Одан кейін босатамыз”, – деді кәсіпкер Айман Әшірбаева.

Демалыс орнында аттракцион ашып, дүңгіршекте сауда жасайтын жандар 4 гектар жерді 49 жылға жалға алдық деп отыр. Оның аяқталуына әлі 19 жыл бар екен. Соған қарамастан қала әкімдігі былтыр жерді заңсыз пайдаландыңдар деген желеумен сотқа жүгініп, жеңіске жетіпті. Содан бері бизнес иелері шығынға баттық деп қапалы.

“Менің өзімнің несием бар. Осы мезгілде несиемнің жартысын жабамын деген ой. Мен сондай оймен тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмын. Ал енді адамның ойлаған арман-мақсатын бір күнде кесіп отыр”, – деді кәсіпкер Шолпан Тұрбаева.

"Қиял әлемі" саябағында 300 адам жұмыс істейді. Шенеуніктер аттракциондар заңсыз салынған деп отыр. Бұл аумақ жасыл-желегі жайқалған, адамдар серуен құратын орын болуға тиіс дейді.

"Басында дұрыс берілмеген. Соттың шешімі бар. Орнына халықтың пайдасына саябақ болады. Осыдан кейінгі тұрған ғимаратта мемлекеттің пайдасына беріліп, тиісті жұмыстар атқарылады. Соттың шешіміне сәйкес, 9 нысанның құжаты бар. Ресми сәйкестендірілген. Қалған нысандардың ешқайсының арнайы құжаты жоқ, олардың бәрі заңсыз”, – деді Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжанов. 

Оқиға орнына полиция келді. Жоспар бойынша 30 заңсыз салынған нысан бұзылады. Бірақ бүгін кәсіпкерлердің шуынан кейін арнайы техника біреуінің бұрышын ғана бұзып тоқтады.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 09:49
Талқылау