AAPL
137.35 $
-2.46 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.35 $
-2.46 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ота алдындағы қорқынышты айтып жеткізе алмаймын": Ұлына бүйрегін берген шымкенттік ана қалай өмір сүріп жатыр?

Бүгінде 3 мыңнан астам қазақстандық, оның ішінде 113 бала ағза трансплантациясына зәру. Қазақстандық трансплантолог бүгінде мәйіттік донорлық өзекті мәселе екенін айтады. Туыстық донорлыққа үміттене алмайтындар күту қағазына енгізіліп, мәйіттік донорды күтеді. Ал туыстарының арасынан донор табылғандарға дәрігерлер жаңа өмір сыйлай алады. Шымкент қаласының тұрғыны Аққыз Бижанова бүйрегі істемей төсекке таңылған ұлына донор болып, өмірін құтқарып қалған. Бүгінде отаның өткеніне бір жыл болған, ана мен ұлының жағдайы жақсы. Stan.kz тілшісі Аққыз Бижоновадан донор болудағы тәжірибесін біліп, трансплантолог маман Рақымжан Үмбетжановтан осы саладағы өзекті мәселелер жайлы сұрады.

Otyrar.kz Аққыз Бижанова мен ұлы Асылбек

51 жастағы Аққыз Бижанованың үш қызы, бір ұлы бар. Жалғыз ұлы Асылбектің 2017 жылы денсаулығы сыр береді. Қатты күйзелістен екі бүйрегі істемей қалады. Дәрігердің нұсқауымен ана мен бала гемодиализге (жасанды бүйрек аппараты-авт.) баруды шешеді.

“2017 жылы әкеміз дүниеден өтті. Балам бұл жағдайдан соң күйзеліске түсіп, екі бүйрегі істемей қалды. Тексерістен өтіп жүріп, диализге түстік. Облыстағы диализ орталығында дәрігер диализге түспесе болмайды деген соң осындай шешімге бел будық. Диализге үш жыл барып жүрдік. Бір жылдан кейін нефролог дәрігер бүйректі диализге түспей емдеуге болар еді деді. Ал оны бір қолданған адамға тек трансплантация жасату ғана қалады екен”, – дейді Аққыз Бижанова.

Ұлы Асылбек Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында Вячеслав Ли есімді дәрігердің қарауында болады. Трансплантацияны осы дәрігер жүргізеді.

“Басынан аяғына дейін Вячеслав Ли қарады. Трансплантация жасауды шешкен соң әпкем донор болады деп ойлағанбыз. Ол анализ тапсырды, бірақ оның бүйрегінің тамырлары сәйкес келмей қалды. Төрт геннің екі ғана гені тура келіп тұр екен.

Нұр-Сұлтандағы ауруханаларға, Алматыдағы Сызғанов атындағы хирургия орталығына бардық.  Әпкемнің анализі тура келмеді. Осылайша өзім донор болатын болдым. Бұрын сары ауру болғандықтан менің бүйрегім жарамайтын шығар деп жүргенмін. Содан соң талдау нәтижесі сәйкес келіп, менің донор бола алатыным анықталды. Шымкенттегі трансплантация жақсы дамыған деп Алматыдан бізді осында жіберді”, – дейді донор болған ана.

Бүйрегін ұлына беретіні анықталған соң ұзақ тексерістер мен анализдерден өтіп, Асылбек пен оның анасы үш жыл ота жасауға кезекте тұрады. 

“Бүйректің басқа ағзаға барған соң қайта “тірілуі” қиын екен. Бірнеше уақыт талдау нәтижесі дұрыс шықпады. 2020 жылдың басында пандемия болып, отаны тағы да жасата алмадық. 2020 жылдың 3 қыркүйекте Шымкент клиникалық ауруханасында трансплантация жасады. Ота сәтті өтті. Бірінші Алла, содан соң аурухана дәрігерлерінің арқасы. 



Бүйрек ауырған кезде адам қатты азып кетеді екен. Отадан соң балам қайта қалпына келді. Қазір Құдайға шүкір, жағдайы жақсы. Тіршілік етіп жатырмыз. Өзімнің де жағдайым жаман емес”, –дейді ол.

Қазір ота жасалғанына бір жыл болған. Ұлына ауыр көтеруге болмайды, тұрақты диета ұстайды. Дәрігер нұсқауымен берілген рецептті ішеді.

Ұлы Асылбек үй шаруасындағы тіршілікте. Аққыз Бижанованың кішігірім кәсібі бар, үйде көрпе тігумен айналысады. 

Айтуынша, ота жасардың алдында қорқыныш болған. Бірақ оны білдіртпеуге тырысқан.

“Әрине, қорқыныш болады. Бірақ өзіңнің перзентің үшін бәрін барасың. Ең бастысы ол қорқынышты білдіртпеу керек. Балам қатты қиналды. Таңертең диализге кетеді. Аппаратта жатып өліп қалатын адамдар болады. Бірінің қысымы көтеріліп, енді бірінікі түсіп кетеді. Соны көріп, жаман болып келетін. Оған “қорықпа, барлығы жақсы болып кетеді” деп демеу болдым. Содан соң балам өзіне мақсат қойды. “Менде барлығы жақсы болады. Бәрін жеңемін” деп күш жинады. 

Отаға кетіп бара жатқандағы қорқынышты мүлде айтып жеткізе алмаймын. Құдай ешкімнің басына салмасын. Ота таңертең сағат 9-дарға қарай басталды, көзімді ашсам 3 жарым болыпты.  Ауырып, шыдап жаттым. Баламды алып келді. Ол да біраз қиналды. “Асылбек, балам, шыда!” дедім. “Мама, осындасыз ба?” деп сұрады. Содан соң ол да күшін жинап, шыдады, бір-бірімізге қолдау көрсеттік”, – дейді ана.

Қазақстанда дәрігерлердің қолдары жеңіл, дейді Аққыз Бижанова.

“Менің баламның қасында диализге барып жүргендердің көбі ұлымнан сұрастырып, соның үлгісімен транспланция жасап, жақсы болып шықты. Шымкенттегі ауруханадағы дәрігерлер транспланцияның нағыз мамандары, оларға алғысымды білдіремін. Бізге көп көмегі тиген дәрігер Вячеслав Ли болды, алғысымды білдіремін”, – дейді донор ана. 

Шымкент №1 қалалық клиникалық емхананың гипатобилярлы хирургия және трансплантология бөлімінің хирург, трансплантологы Рақымжан Үмбетжанов бүгінгі таңда донор тапшылығы өзекті мәселе болып отырғанын айтады.

“Бүйрек, бауыр донорлары тапшы. Шымкент пен Түркістан қаласын есепке алғанда 800-ге жуық бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқас бар. Олар гемодиализдегі азаматтар. Бауыр церрозы анықталған 500-ге жуық науқас күнделікті донор тапшылығынан көз жұмып жатыр. Доноры барлар ауруханаға келеді, оларға транплантация жасап, екінші өмір сыйлаймыз”, – дейді дәрігер.

Трансплантолог Рақымжан Үмбетжанов

Трансплантация саласындағы өзекті мәселе – мәйіттік  донорлыққа байланысты, дейді маман.

“Генетикалық тұрғыдан туыстардың ағзалары көп адамға сәйкес келе бермейді. Ал Шымкент қаласында, Қазақстанда мәйіттік трансплантация дамымай келе жатыр. Салыстырмалы түрде Белорусь елінде 98 пайыз мәйіттік транплантация жасайды. Діни тұрғыдан алып қарасақ, имамдардың бұған ешқандай қарсылық жоқ. Неге біздің елде трансплантацияны дамытып, өзіміздің науқастарымызды құтқармасқа?

Белорусь елінде, алыс-жақын шетелде туыстар рұқсаты қажет емес. Паспорт берілетін кезде психологтар азаматтардан: “Апаттық жағдай болып көз жұмсаңыз, донор болуға дайынсыз ба?” деп сұрайды. Кейбіреулер қарсы болады, бірақ көбі келісімін береді. Бізде де неге ХҚКО-да осылай жасамасқа? Қазіргідей туыстарынан сұрамайтын едік, тірі кезінде адам өзінің келісімін берген болар еді, осылайша, трансплантология да дамитын еді. Шетелде де бұған қарсылар бар. Бірақ олар туыстарынан рұқсат алмайды, себебі әлдеқашан төлқұжатында донор деп жазылып тұрады”, – дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, мынадай дертке шалдыққан науқастар трансплантация жасауы керек:

Бауыр церрозы, бүйрек жетіспеушілігі, бүйрек жетіспеушілігінің 4-деңгейі, бүйрегі істемей диализде жүргендер, ағзаның онкологиясы (сатысына байланысты).

“Мәселен, бауыр церрозына шалдыққаннан кейін ол обырға айналуы мүмкін, ондай кезде ісікті жойып, содан соң науқасты трансплантацияға дайындаймыз. Онкологиясы бар адамдарға мәйіттік бауыр салған дұрыс болады. Себебі жарты бауыр оған аз болады. Ісік интоксикацияның себебінен науқастың жағдайы күннен-күнге нашарлай береді. Бүтін бауыр салу науқастың отасының сәтті өтуіне себеп болады”, – дейді Рақымжан Үмбетжанов.

Өзіне транплантация жасау қажет екенін білген адам өз емханасына барып мамандарға жүгінеді.

“Науқас ең біріншіден өз емханасына барып, бауыр транплантациясы қажет болса, гепотолог маманға барады. Азаматты күту қағазына жазады. Ол автоматты түрде мәйіттік донорлыққа күту қағазына ілінеді. Ал егер өзінің доноры бар болса, қазақстандық азамат болса, трансплантация бөліміне барады. Туыстық донорлықпен кезексіз өтеді”, – дейді трансплантолог.

Айтуынша, өзін күтуіне, дәрілерін уақытылы ішіп, бақылауда жүруіне байланысты трансплантация жасаған адам 20-30 жыл өмір сүреді. 

“Қалалық және облыстың денсаулық сақтау басқармаларында арнайы Этикалық комиссия құрылған. Туыстық қатынасы бар екенін дәлелдейтін құжаттарды осы комиссия қарастырады. Содан соң ауруханаларға жібереді. Осыдан кейін біз науқастарды трансплантацияға дайындаймыз”, – дейді маман.

Халыққа дұрыс насихат жүргізілсе, мәйіттік трансплантация дамитын еді, дейді ол.

“Күту қағазына енгізілсе де, мәйіттік трансплантация болып жатқан жоқ. Әрине, ауыр жағдайдағы науқастарға трансплантация бірінші жасалады. Жағдайы тұрақтылар күтуге шамасы барлар күте береді”, – дейді Рақымжан Үмбетжанов.

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр