Шымкентте қыз зорлыққа ұшырады: Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің денесіндегі ауыр жарақатты "жеңіл" деп бағалаған (видео)
Фото: Видеодан скрин
Шымкентте бойжеткенге жыныстық зорлық жасалды деген күдікпен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алайда алғашқы сот-медициналық сараптама жәбірленушінің денесіндегі ауыр жарақатты “жеңіл” деп бағалаған. Десе де заңгер бұл қорытындымен келіспей, комиссиялық сараптама тағайындауды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңгер Айгүл Орынбек желіде жәбірленуші түсірілген видеоны таратты. Кадрдан қан-жоса болып жерде жатқан қыз бен шашылған үйді көруге болады. Заңгердің айтуынша, осындай дәлел бола тұра алғашқы сот-медициналық сараптама жәбірленушінің денесіндегі ауыр жарақатты “жеңіл” деп бағалаған.
“Іс бойынша азаматшаға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Жәбірленушіде айтарлықтай дене жарақаты бар екені анық. Дегенмен алғашқы сот-медициналық сараптама “жеңіл жарақат” деген қорытынды берді. Біз мұнымен келіспей, комиссиялық кешенді сот-медициналық сараптама тағайындау туралы өтініш жасадық. Алайда тергеуші бұл өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды. Осыған байланысты прокуратураға жүгіндік. Жауап бойынша Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Мараттың рұқсатынсыз сараптаманы қайта тағайындау мүмкін емес екен”, – дейді адвокат.
Осылайша адвокат Бас прокурор Берік Асыловқа жүгініп, көмек сұрады.
“Берік Асылов мырза, комиссиялық сараптаманы тағайындау үшін нақты қандай процессуалдық талапты орындау қажет? Шымкент қаласында тергеу органдары деңгейінде мұндай бюрократиялық кедергілер қашан тоқтайды? Әлде комиссиялық сараптама тағайындау үшін де пара беру керек пе? Жәбірленушінің туыстары видеоны жариялаңыз ел көрсін, Шымкент прокуратурасының жұмысына баға берсін деген соң шығарып отырмын. Сондықтан біз қолымыздағы видеоматериалды желіге жариялап, процессуалдық шешімдердің заң аясында әділ қабылдануына ықпал етуді көздеп отырмыз”, – деп жазды заңгер.
"Жыныс мүшесінің қанағанын байқаған": Қазақстандық әйел қызын балабақша басшысы зорлады деп айыптады
Алматы облысында 12 жастағы оқушыны зорлады деген күдікпен 17 жастағы жігіт ұсталды
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Шымкент қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Олардың мәліметінше, күдікті ұсталып, қамауға алынған.
“Бұл оқиға 12 қыркүйекте болды. Күдікті сол күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс материалдарының толықтығын қамтамасыз ету үшін дәлелдемелер базасын нығайту бойынша қосымша тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Күдікті әлі күнге дейін қамауда”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы хостел иесі зорламақшы болды деген қазақстандық жанайқайын айтқаны туралы жазған едік.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік