Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте жолаушы багажын кешіктіргені үшін әуе компаниясынан 128 мың теңге өндіріп алды

жолаушының жүгін екі күн кешіктірген

Фото: Ru.freepik.com

Шымкентте жолаушы жүгін екі күнге кешіктіргені үшін  SCAT әуе компаниясын сотқа беріп, сотта жеңіп шықты. Бірінші сатыдағы сот ішінара өтемақы тағайындаған еді, алайда апелляциядан кейін өтемақы сомасы ұлғайтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2024 жылғы 13 қарашада қазақстанық Алматыдан Вьетнамның Фукуок қаласына ұшып барған. Әуе компаниясы жүкті екі күн кешіктіргені үшін жолаушы 56 мың теңге айыппұл және 500 мың теңге моральдық шығын ретінде өтемақы талап еткен.

“Сот анықтағандай, талапкер межелі орынға келген кезде өз багажын алмаған. Жүк басқа рейспен жіберіліп, екі күн кешігіп жеткізілген”, – деп хабарлады Шымкент қалалық соты.

Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырып, 28 064 теңге айыппұл өндіріп беруге шешім шығарған. Алайда моральдық зиянды өтеуден бас тартқан. Талапкер апелляциялық шағым түсірген.

“Апелляциялық алқа шешімді өзгертіп, “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңға сүйенді. Аталған заң бойынша, моральдық зиян материалдық шығынға қарамастан өтелуге тиіс. Сот осы жағдайларды ескеріп, талапкерге моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді”, – делінген хабарламада.

Нәтижесінде SCAT әуе компаниясы жолаушыға 100 мың теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Жалпы өтемақы сомасы 128 мың теңгеге тең. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Айым Болатқызы
Жұма, 18 Шілде, 2025 21:38
Талқылау