Желідегі жазбаға лүпіл баспаған қызметкерлер қудаланған: Шымкентте жастар орталығынан дау шықты
Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшылығы қызметкерлерге әлеуметтік желідегі жазбаға лүпіл баспағаны үшін ескерту жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Facebook Азат Дидарбек
Ақпаратты Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Азат Дидарбек хабарлады. Оның мәліметінше, Жастар орталығы өз қызметкерлерін қудалап, лүпіл баспағандарды қысымға алып жатыр.
“Жастар орталығы қаламыздың жастар мәселесін шешеді дегенге сенбейтін едік. Енді лүпіл басқан-баспаған қызметкерлерін тізіп, тексеріп, “ескерту” жасап, жұмыс істеуіне кедергі келтіріп жатыр екен. Осындай қысым көре берген орталық қызметкерінің мазасы қашып, құлап, жедел жәрдем шақырған. Алғашқы медициналық көмекке жүгінуіне тура келген”, – деп жазды ол.
Фото: Facebook Азат Дидарбек
Желі қолданушысы ұжым басшысының қала жастарын бірлікте ұстайтынына күмәнім бар дейді.
“Бұлай жалғаса берсе, арты жақсы болмайтыны анық! Жастардың мәселесімен емес, мәселе көтерген жастармен айналысатын орталықтың басшысы қызметін асыра пайдаланып жүр ме? Құрметті, Ғабит Әбдімәжитұлы, жастар орталығына бір назар аударып қойсаңыз игі”, – деп жазды ол.
Фото: Facebook Азат Дидарбек
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасынан мән-жайды сұрап білді.
Басқарма басшысы Айгерім Жұмағұлова жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.
"Ұжымды ұйытқыда ұстай алмайтын басшы қала жастарын бірлікте ұстайтынына күмәніміз бар! Алаңдап, сілтеме жіберіп отырғандарыңызға рақмет! Бірақ әрі қарай жіберудің қажеті жоқ. Жағдай алғаш жарияланған сәттен бастап хабардармын. Өзіме жұмыс жоспарын белгіледім. Жағдай бойынша шешім әділ және обьективті түрде қабылданады", – деді ол.
Скрин: Instagram Айгерім Жұмағұлова
Сондай-ақ басқарма басшысы Айкерім Жұмағұлова мұны жеке жанжал деп бағалап, жұрт алдына шығаруға болмайтынын айтты.
“Жастар ресурстық орталығында болған жағдай екі қызметкер арасындағы ішкі жұмыс қақтығысы саналады. Оны өз ішінде сабырлы түрде немесе куратор ретінде маған хабарласу арқылы шешуге болатын еді. Оның орнына әлеуметтік желіде қоғамдық резонанс тудыратын жол таңдалды. Желіде жарияланған жазбадан соң ертесіне "е-Өтініш" платформасы арқылы ресми өтініш түсті. Нәтижесінде Орталық басшысының әлеуметтік желілерде белсенді болу талабына байланысты әрекеті дұрыс емес деп танылды. Оған қатысты тәртіптік шара қолданылды”, – дейді Жұмағұлова.
Басқарма басшысы бұл жағдайға қатысты мақалаларда қала әкімінің суретін қолданбауды сұрады. Бір мекемедегі ішкі жанжалдың оған еш қатысы жоқ дейді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі Тұран шағын ауданында 6 жасар бала ашық жатқан кәріз шұңқырына құлап, ажал құшқан еді. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Ал үш жылдан бері Қаратау ауданын басқарып келген Рақымберді Мүлкеманов осы жағдайға қатысты қызметінен кетті. Басқарма басшысы мен осы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары Қуаныш Асыловқа қатаң сөгіс жарияланды.

Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жіберген: Көпшілік ресторанға бойкот жариялады
