Шымкентте 15 жастағы қыз саябақта ішімдік ішіп отырғанда ұсталды: Жасөспірімнің анасы жауапқа тартылды
Фото: pixabay.com/vdnhieu
Шымкентте дендропаркте ішімдік ішкен 15 жасар қыздың анасы жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот анықтағандай, 5 мамырда 2010 жылы туған кәмелетке толмаған Б Шымкент қаласының дендропарк қоғамдық орнында алкогольдік ішімдік тұтынып, мас күйде болған.
Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде түсіндірме материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция қызметкерлерінің рапортымен және жиналған басқа да дәлелдемелермен расталады.
Қыздың анасы жауапқа тартылды. Ол өзінің кінәсін мойындады, өкініш білдірді және соттан қатаң жаза қолданбауын өтінді.
Нәтижесінде жасөспірімнің анасына әкімшілік кодекстің 440-бабы (қоғамдық орында ішімдік тұтыну, қоғамдық жерлерде мас күйде жүру) бойынша 27 мың теңге айыппұл салынды. Сот жеңілдететін жағдай ретінде әйелдің жалғыз өзі екі баланы асырап отырғанын қарастырды. Әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 30% қысқартылуы мүмкін.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

"Пәтерімді сатып, шетелге оқуға түстім": Қазақстандық қыз "Реал Мадрид" футбол клубына жұмысқа орналасты
