Шымкентте жалған ақшаны өткізгендерден жасанды 100 долларлықтар тәркіленді
Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жалған ақша жасағандардың заңсыз әрекетін әшкереледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Екі күдікті 84 200 долларды өткізіп жатқан жерінен ұсталды. Соттың санкциясымен олар 2 ай мерзімге қамауға алынды.
Бұған дейін Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ҰҚК Қырғызстан мен Қазақстан аумағында номиналы 100 доллар болатын жалған банкноттарды өткізген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін анықтап, жолын кескені хабарланған еді.
“Сонымен қатар Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ҰҚК жалған долларларды өткізу күдігі бойынша Қазақстан Республикасының азаматын ұстады. Оның Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеп жатқан қылмыстық істің мән-жайларына қатысы бар”, – делінген хабарламада.
Қазіргі кезде күдіктілерге қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.