Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте заңсыз шығарылған активтер есебінен жатақхана құрылысына 2,6 миллиард теңге бөлінді

Үкімет елге қайтарылған заңсыз шығарылған активтер есебінен Шымкент қаласындағы "Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі" кешеніне арналған жаңа жатақхана салады. Құрылысқа 2,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Деректерге сенсек, ғимарат 300 орынға арналған.

Жобада ұлдар мен қыздарға арналған бөлек блоктар, медициналық блок, асхана, ойын бөлмелері және т. б. қарастырылған. Жатақхана барлық заманауи талаптарға сай жасалады деп жоспарланған.

“Бүгінде "Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі" арнайы кешенінде 363 адам оқиды. Жаңа ғимараттың құрылысы 120 оқушыға арналған жатақханадағы орын тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Нысан 1975 жылы салынған. Қазір тұруға орын тапшылығына байланысты оқу орнындағы кейбір кабинеттер балаларға арналған жатын бөлмелері ретінде қайта бағдарланған. 67 оқушы үйде оқуға мәжбүр. Жаңа жатақхана балалардың өмір сүруіне және олардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайды”, – делінген хабарламада. 

Бұған дейін де үкімет еліміздің бірнеше аймағына заңсыз шығарылған активтер есебінен мектеп, балабақшаға қаражат жұмсалатынын жеткізді.

Талқылау