"Ай сайын 600 мың теңге төлеуге мәжбүрміз": Шымкентте элиталы үйге ақша салған үлескерлер үш жылдан бері баспаналарын ала алмай жүр
Шымкентте үлескерлер өз пәтерлеріне қоныстана алмай жүргендеріне үшінші жыл болды. Тұрғын үй кешенінің құрылысына 50-ден астам отбасы қаржы салған. Адамдар барлық жинақтарын жұмсап қойғандарын айтып шағымданып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеодан скриншот жасалған
Мәліметтерге сенсек, "Асылтас" тұрғын үй кешені бірнеше жыл бұрын экологиялық таза материалдардан салынып, 90 пәтерлі үй ретінде жоспарлану керек еді.
Мұнда "комфорт плюс" санатындағы тұрғын үй және жабық әрі абаттандырылған аумақ болатынын уәде еткен. Нысанды қысқа мерзімде тапсырамыз деп уәде беріліп, кепілгер ретінде "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" шыққан.
Тұрғындардың сөзінше, көп жыл бойы бес қабатты үйдің терезелері мен есіктері әлі орнатылмаған.
"Үй алу үшін көлігімізді саттық, оған қоса несие алдық. Енді әр ай сайын 600 мың теңгеге жуық ақша төлеп отыруға мәжбүрміз. Басында бізге шілдеде аяқтап, үйді тапсырамыз деді, кейін қыркүйекке ауыстырды. Одан соң компанияда қаражат жеткіліксіз екенін айтып, құрылыстың қашан аяқталатынын білмейтіндерін мәлімдеді. Біз көшіп-қонып, кезекті уәделерді тыңдап жүрміз", – деп тұрғын Ерғали Қалшабеков шағымданды.
Өз пәтерлерін 56 отбасы үшінші жыл күтіп жүр. Жалпы алғанда, клиенттер құрылыс салушыға 572 миллион теңге берген. Құрылыс алаңындағы көрініс өзгермеген күйінде қалып отыр. Ал құрылыс компаниясының директоры болса, үйді тапсырамыз деп сендірді.
"Құрылыс созылып кетті, сәйкесінше, сақтандыру жағдайы туындады. Қазір нысанды беру жұмыстары жүріп жатыр, яғни біз барлық құжатты, келісімшартты, нысанды "Қазақстан тұрғын үй компаниясына" 26 қыркүйекке дейін тапсырамыз. Сол күні "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" кепілдік жағдайы туралы хабарлайды, содан кейін нысанды қаржыландыру басталады", – деді "Crystal Shymkent" ЖШС директоры Дамир Уәлиев.
Құрылыс салушының айтуынша, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" аяқталмаған үйді тексеріп, құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін қанша қаржы қажет екенін анықтауға тиіс. Бұл бірнеше ай уақыт алуы мүмкін. Алайда көп үлескер күткісі келмейді және прокуратураға жүгінуді жоспарлап отыр. Тұрғындар ақшасын қайтаруды талап етіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Астанада "Ayana Plaza" тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылғанымен, құрылыс салушылар пәтерлерді сатып, адамдардан заңсыз ақша жинағанын жаздық. Осыған байланысты 2024 жылдың 18 қыркүйегінде елордалық полиция қазақстандықтарға үндеу жасады. Іс бойынша полицияға 110 жәбірленуші арызданған. Алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында зардап шеккендердің саны әлдеқайда көп екені анықталды.