Шымкентте туысы 5 жасар қызға азғындық жасады деген күдікке ілінді
"Не молчи" қоғамдық қоры әлеуметтік желіде елдің жағасын ұстатқан хабар жариялады. Берілген ақпарат бойынша, Шымкентте 5 жастағы қызға жақын туысы азғындық жасады деген күдік пайда болған. Қордың мәлімдеуінше, сұмдық жағдайды оларға жәбір көрген отбасының танысы жеткізген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Кішкентай қызына жақын ағайыны сексуалдық сипаттағы әрекет жасап жүргенін қыздың анасы біліп қалған. Алайда төрт баланың анасы қазір шарасыз күйде. Себебі туыстарының қысымы басым көрінеді. Қазіргі таңда бұл іспен полиция айналысуда.
"Аталған жайт бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасымен ҚР ҚК 124-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде", – деді Шымкент қаласы полиция департаменті. Сонымен бірге полиция департаментінің баспасөз қызметі зардап шеккен отбасын анықтағандарын айтты. Бұдан өзге ақпарат тергеу амалдарының жүруіне байланысты құпия екенін жеткізді.
Алайда "Не молчи" қоғамдық қор жетекшісі Дина Таңсәрі мұндай сұмдықты жасыруға, жылы жауып қоюға қарсы екенін айтады.
"Заң бойынша жақын туыстары, анасы көпке жарияламауға хақысы бар. Алайда адами тұрғыдан мұндай сұмдықты жасыруға болмайды. Туыстарымен өзара ақылдасып, "жабулы қазан күйінде" қалдыра салу дұрыс емес. Оның соңы өте ауыр жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Жалпы мұндай жағдайда туыс, таныс дегеннің кеңесіне құлақ асып уақыт жоғалту да дұрыс емес. Көбіне мұндай азғындықты отбасылық құпия деп өз арасында шешеміз ойлайды. Бірақ бұл – өте ауыр қылмыс", – деді қор жетекшісі.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
