Шымкент сотында такси көлігінің терезесін таспен ұрып сындырған мұғалімнің ісі қаралды
Фото: видеодан скриншот
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру бабымен айыпталған 32 жастағы мұғалімнің ісі қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 3 маусым күні таңертең болған.
"Сағат 05:30 шамасында сотталушы Яндекс Go автокөлігін шақырған. Ол алдыңғы орындыққа, құрбысы артқы орындыққа отырған. Сотталушы мас күйде болған, ал оның серігі көлікте құсқан. Олар жүргізушімен жолақысымен қоса, көлікті тазалауға кететін шығынды да өтеп беруге келіскен", – делінген іс материалында.
Бірақ жолаушыда қажет сома болмаған. Ол кепілге телефонын қалдырып кеткен. Кейін телефонын алуға келгенде жанжал шығарған. Ол алдымен панель мен мониторды ұрған, содан кейін сыра бөтелкесімен әйнекті сындырып, таспен көліктің барлық терезесін бүлдірген. Сөйтіп көп шығын келтірген.
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтқан. Жүргізушіге келтірілген шығынды да толығымен өтеп берген. Таксист әйелді кешіріп, істі жабуды сұраған.
"Тараптардың татуласуы және келтірілген залалды толық өтеу негізінде сотталушы Қылмыстық кодекстің 202-бабы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Қылмыстық іс тоқтатылды", – делінген сот қаулысында.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте әйел такси жүргізушісінің көлігінің терезесін кірпішпен сындырып жатқан сәттің видеосы тарағанын жазған едік. Видеодан әйелдің "Яндекс.Такси" қызметінің жапсырмасы бар көлікті зақымдап жатқаны анық байқалады.

"Қазақтар тұрмайтын Германияда тіліміз қазақша шықты": Шетелде туып-өскен қазақ жігіті желі қолданушыларын несімен сүйсіндірді
