"Қазақтар тұрмайтын Германияда тіліміз қазақша шықты": Шетелде туып-өскен қазақ жігіті желі қолданушыларын несімен сүйсіндірді
Фото: Видеодан скрин/Іnstagram.com/boekeyhan
31 жастағы Әли Бөкейхан Сүрер Германияның Гейдельберг қаласында дүниеге келіп, сонда өскен. Қандасымыз қазір де шетелде тұрады. Әли Бөкейханның әлеуметтік желіде тараған видеосын көрген отандастарымыз шет мемлекетте туып-өскен қазақтың өз тілін ұмытпай, оны мәртебе көргеніне сүйсінді. Бөкейханның өзі Германия азаматы болса, ата-анасы Түркияда дүниеге келген. Ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатын өз тарихынан бастады.
Әли Бөкейхан арғы аталарының өз өлкесі Алтай өңірінен Қытай үкіметі онда бейбіт өмір сүрген қазақтардың мал-мүлкін тартып алып, үздіксіз қудалағандықтан мәжбүрлі түрде қоныс аударғанын айтты.
“Атам Девлетхан Құсманұлы және оның отбасы қазіргі Қытайдың Барқол қаласынан 1937 жылы көшіп кеткен. Үлкен атам Құсман Тілеубергенұлына өлім жазасы кесілген соң ол Барқолды тастап кеткен. Алғашқы мақсат – мұсылман елдеріне көшіп, қауіпсіз жер табу. Олар Гималай таулары арқылы Үндістанның шекарасына дейін барған. Үндістан қазақтарға жау болды, себебі олар мұсылман еді. Пәкістан мұсылман елі болғандықтан қазақтарды қабылдауға дайын еді. Сол кезде АҚШ та қазақтарды қабылдауға дайын екенін білдірді, бірақ Құсман ата бұған қарсы болды, себебі олар тек мұсылман еліне қоныстанғысы келді. Олардың діні маңызды болды. Құсман ата мен Құранды қазақ тіліне аударған Халифа Алтай 12 жыл бойы Түркиядағы бауырларының өздерін қабылдауын күтті. Түркияда әжем мен атам көп еңбек етті. Сол уақытта Германияда жұмысшылар қажет болған екен. Әжем газеттен осы туралы оқып, біраз ойланып, Германияға жолға шығады. Ол 1967 жылы Түркиядан пойызбен Гейдельбергке келген. Атам бір жылдан кейін оның соңынан келді”, – дейді кейіпкеріміз отбасы тарихынан сыр шертіп.
“Неміс халқы бір-бірін мақтайды, ал қазақтар мұндайға шорқақтау”
Әли Бөкейхан қазір де Германияда тұрады, 2022 жылдан бері Қазақстанға тұрақты түрде, жылына 2-3 мәрте келеді. Ықтиярхат та алған екен. Қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі болғандықтан жиі келуге тырысады. Туғаннан Германияда өмірі сүріп келе жатқан ол жергілікті тұрғындардың менталитеті мен қазақтардың болмысында айырмашылықты айқын байқайды.
“Мен тек өз тәжірибеме сүйеніп айта аламын. Германиядағы адамдар қазақтармен салыстырғанда әлдеқайда салқынқанды, біршама қашық жүреді. Сондай-ақ Германияда отбасылық құрылым да өзгеше: балалар оқуын жалғастыру үшін бірден бөлек шығып кетеді. Қазақстанда ересек адам ата-анасымен, бауырларымен бірге тұра береді. Мұндағы адамдар қонақжай деп айту қиын, ал қонақжайлық – қазақтардың ең басты ерекшеліктерінің бірі. Мұны мен өзім де сездім, көрдім және соған өте ризамын. Бұл – мәдениеттің ерекше бөлігі. Қазақтар ашық-жарқын, өте көңілді. Ал немістер көбіне тұйықтау келеді. Дегенмен немістер мұндай қарым-қатынаста өте кәсіби. Бұл “немістермен дос болуға болмайды” дегенді білдірмейді. Олар жай ғана өзгеше. Алматыға алғаш барғанымда қатты таңғалдым. Қазақстанда жағдайдың қандай екенін бұрын білмеппін. Қазақстанда кей жұмыстарды жылдам аяқтауға болады, әсіресе цифрлық саладағы процестің қарапайым әрі тез жүретінін көргенде таңғалдым. Құжаттар да тез өңделеді. Ал Германияда, жалпы Еуропада бұл жағынан ақсап келеміз. Сол жағынан Қазақстаннан үйренеріміз бар. Тағы бір айтарлықтай айырмашылық – қазақтар әлеуметтік желіде өте белсенді, көп нәрсені көрсетуге тырысады. Ал немістер керісінше, тыныш, ұстамды, қарапайым келеді. Неміс халқының ерекшелігі – кәсіби қарым-қатынас. Олар бір-бірін қолдайды, жақсы жұмыс істесе мақтайды. Ал қазақтар мұндайда шорқақтау. Бір нәрсе құруға, өзгертуге тырысатын көптеген талантты қазақтар бар. Сол жандарды қолдап, мақтап, ескеруіміз керек. Бауырларымыздың жетістіктеріне, еңбегіне шын жүректен қуануды үйренгеніміз абзал”, – дейді кейіпкеріміз.
“Тіліміз қазақша шықты, түрік пен неміс тілін кейін үйрендік”
Қандасымыздың айтуынша, ата-анасы кішкентайынан балаларымен тек қазақ тілінде сөйлесіп, шыққан тегін ұмыттырмау үшін барын салған. Қазақтар тұрмайтын Германияда тіліміз қазақша шықты дейді ол.
“Мен және егіз қарындасым екеуіміз қазақша сөйлеп өстік, орысша сөздерді мүлдем араластырмайтынбыз. Осылайша тіліміз қазақша шықты. Кейін түрік тілі, сонан соң ғана неміс тілін үйрендік. Ата-анамыз бізге ерте жасынан қазақ екенімізді түсіндіріп отырды. Әкем қазақ батырларының даңқты кезеңдері туралы жиі әңгімелейтін. Үйіміздің қабырғасында түрлі домбыралар мен кілемдер ілініп тұратын. Біз қазақ мәдениетін сіңіріп өстік. Алайда Германиядағы балабақша қызметкерлері ата-анамызға бізбен неміс тілінде сөйлесу керегін ескертетін. Біз жалғыз қазақ балалар болғандықтан, қазақша сөйлейтін достарымыз болмады. Сол себепті қазақ тілі жайлап ұмытыла бастады. Бірақ бұл біздің қазақ болып қалуымызға кедергі болмады. 1990 жылы әкем алғаш рет Қазақстанға, Семейге барып, Олжас Сүлейменовпен бірге атом қаруларын сынауға қарсы күрес бастады. Ол қазақ халқының мүддесін қорғап, содан кейін бірнеше рет Германияның қолдауымен Қазақстанға барып гуманитарлық көмек көрсетіп жүрді. Кейінгі жылдары біз Қазақстандағы көптеген жерлерге жиі барып тұрдық. Тіпті, бізге Алматыдағы Тимирязев көшесіндегі балабақшаға бару да бұйырды”, – дейді қазақ жігіті ақтарыла.
Фото: Отбасылық мұрағаттан/Девлетхан Құсманұлы
Әли Бөкейханның сөзінше, шетелде жүрген қандастарымыздың тамыры қазақ екенін ұмыттырмаған – Құрылтай мейрамы. Атаулы мейрамды Еуропадағы қазақтар дәстүрлі түрде атап өтеді екен.
“Біз тек Түркияға жиі барып тұрдық, өйткені біздің туыстарымыз сол жерде тұратын. Түркияда Еуропаға көшіп барған қазақтар жыл сайын Құрылтай мейрамын ұйымдастыратын. Сол кезде мен Қазақстан мен оның тарихы туралы көбірек білгім келді. Мен іздестіріп, неміс тілінде Қазақстан мен ұлттық батырлар туралы кітаптар шығаратын “Qazaqstan Zholi” баспасын таптым. 2022 жылдың жазында жолым болып, Kieli Qazaqstan ұйымының шақыруымен мен Қазақстанға сапар шектім. Әртүрлі елдерден келген басқа қазақтармен бірге кездестім. Бұрын мен тарихты тек кітаптан оқығанмын. Сол тарихи жерге бару – менің өмірімдегі маңызды оқиға болды”, – деді Әли Бөйкехан Сүрер.
Фото: Отбасылық мұрағаттан
Тарихи отанына бет алған Бөйкейхан Франкфурттан Астанаға ұшып бара жатып, біршама қобалжыған. Астанадан Семейге ұшқанда қазақтарды көріп қатты қуанғанын да жасырмады.
“Жүрегім маған “дұрыс жерге келдім” деп белгі берді. Семейге келгенде, қатысушылар тек қазақша сөйлесті. Мен біразын түсінсем де, сөйлесе алмадым. Дегенмен адамдар маған ерекше құрметпен қарады, ешкім мені айыптаған жоқ. Өз ортамда екенімді сезіндім. Бұл — менің халқым, мен оған тиесілімін. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Қазақстанның есігі маған ашық, бірақ сол есіктерден өтіп, оның әлеміне тереңірек ену үшін тілді қайта үйренуім керек екенін түсіндім. Адамдардың әңгімелерін тыңдағым келді және өз тарихымды да айтып бергім келді. Сондықтан алдымен кирилл әліпбиін оқуды бастадым. Сол уақытта қазақ тілі араб әліпбиімен жазылатын. Біз кирилл әліпбиін үйренген емеспіз. Бірақ мен үшін бұл қызық болды, себебі менде нақты мақсат болды. Әлі де үйренерім көп, бірақ қазір тым болмаса адамдармен еркін сөйлесе аламын”, – дейді кейіпкеріміз.
“Көпұлтты ортада өскен балаға тұлғалықты қалыптастыру қиын”
Бөкейхан Қазақстанға бала күнінде де келген. Бірақ ес жиып, ересек адам ретінде саналы түрде келу мүлдем басқаша дейді ол. Кейіпкеріміз мектеп кезінен Германиядағы қоғамның өзін бөлектейтінін және оны ашық көрсететін байқаған.
“Немісше сөйлейміз, Германияда туғанбыз, бірақ кейбіреулер бізді неміс деп қабылдамайды. Неміс халқы мұны ашық көрсетеді. Әрине, бәрі емес, бір бөлігі. Жасөспірім кезде көпұлтты ортада өскен балаға белгілі бір тұлғалықты қалыптастыру қиын. Әсіресе, адамдар сені өзгеше келбетің үшін қабылдамаған жағдайда. Менің неміс емес екенім айқын көрініп тұр. Сондықтан бұл тақырып бізге кішкентайымыздан таныс. Дегенмен біз өзіміздің қазақ екенімізді жақсы білдік. Оны бізге ата-анамыз үйретті. Кейін есейіп, алғаш рет Қазақстанға барғанда да, көп адам маған “сен нағыз қазаққа ұқсайсың” дейтін. Әрине, оған қатты қуанамын. Қазақстандық қоғамның ол бөлігі де “Германияда туып-өссем де, қазақпын” деген мені қабылдағысы келмейді. Бірақ олардың пікірі маңызды емес. Өзіңді кім деп санайсың, қайда тиесілісің, өзің, ата-бабаң қайдан шыққан, өзіңді қалай танытасың, өз болмысыңды қалай қалыптастырасың – соған мән беру керек. Қазақстанда қазақтармен жүрсем мүлде басқа сезімді бастан кешіремін. Ал Германияда ондай бірегейлікті сезінбеймін”, – дейді шетелдегі отандасымыз.
Фото: Іnstagram.com/boekeyhan
Бөкейхан табиғатқа, тауға шығуды ұнатады. Осылайша табиғатқа, Құдайға, өз халқыма жақындаймын деп санайды ол. Өз еліңді, ата-бабаңның жерін халықаралық деңгейде таныстыру, бауырларыңмен бірге алаңда Қазақстанның әнұранын айту – Бөкейхан үшін үлкен мәртебе, жүрегінен ерекше орын алатын ұмытылмас естелік. Сондай-ақ атқа мініп серуендегенді жақсы көреді. Ол атқа мінсе ерекше еркіндікті сезінетінін жеткізді.
Әли Бөкейхан келешекте Қазақстанға көшіп келетінін не келмейтінін уақыт көрсететінін айтты. Ол биыл қазан айында Алматыда үйлену тойын өткізбек. Қандасымыздың таңдауы қазақ қызына түскен.
“Әли Бөкейхан барша қазақ жастарына үлгі. Бір жыл ішінде тілді үйренді”, “Тарихи отаныңыз – Қазақстанға қош келдіңіз! Германияда туып-өссе де қазақша өте жақсы сөйлеп отырсыз”, “Ана тіліңді ұмыттырмаған анаңа көп рахмет”, “Тіл тазалығын сақтап қалған, нағыз ұлтжанды азаматтар”, “Біздегі мәңгүрттер көріп, ұялу керек”, “Орыс тілді ортада туып-өстік” деп сылтау айтып жүргендер, не дейсіңдер?”, “Қайда барсақ та біз басқа ұлт бола алмаймыз”, “Жасанды интеллект пе деп ажырата алмай қалдым”, “Қазақ деп соққан жүрегіңнен айналдым”, “Ұлтың мен қанық қазақ болған жусан иісі бұрқыраған ұлы даланы сағынасың”, “Жарайсың”, – деп желі қолданушылары Бөкейханның тілінің тазалығына, отансүйгіштігіне тамсанды.

"Қазақтар тұрмайтын Германияда тіліміз қазақша шықты": Шетелде туып-өскен қазақ жігіті желі қолданушыларын несімен сүйсіндірді
