Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қылмыс көбейіп, адамдардың денсаулығы нашарлаған": Қазақстандықтар бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етіп жатыр

Қазақстандықтар уақыт белдеуін қайтаруды талап етіп жатырФото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Былтыр уақыт белдеуі өзгергелі бері халық жиі шағымданып жатыр. Тұрғындар денсаулығы сыр беріп, күнделікті өмір ырғағы бұзылғанын алға тартады. Үкімет уәде еткен “оң нәтиженің” орнына күннің ерте батуы мен созылмалы шаршаудың белең алғаны айтылып жүр. Бұл мәселені саяси деңгейде көтеру үшін белсенділер жаңа партия құруға бекінген. Ал биліктің үнсіздігі өңірлерде қылмыстың артуына және халықтың қауіпсіздігіне алаңдаушылықтың күшеюіне әкеліп отыр. Осы орайда Stan.kz бір белдеуге көшудің елге тигізген салдары мен оның қоғам тыныштығына әсерін зерттеп көрді.

"Дұрыс ұйықтай алмай жүрміз. Бұл халықты мазақ ету емес пе?"

Ольга Юрковская әлеуметтік желідегі парақшасында Тараз қаласындағы орталық саябақта орналасқан күн сағаты жанында бейнежазба түсіріп, уақыт сәйкессіздігіне назар аударды.

"Бүгін 2025 жылдың 16 тамызы. Біз күн сағатының жанында тұрмыз. Қараңыздар, тілшесі тура түскі 12:00-ге жақындады. Бұл табиғи уақыт. Бірақ біздің қазіргі ресми уақытымыз оған сәйкес келмейді. Қазір сағат 11:00. Демек, біз табиғи уақыттан бір сағатқа қалып келеміз. Сондықтан, менің ойымша, Қазақстан UTC+6 уақыт белдеуіне қайта көшуге тиіс. Өйткені биоритмім бұзылып, өзімді жайсыз сезінемін. Біз бір жарым жылдан бері табиғи емес уақытта өмір сүріп келеміз. Бұл уақытты өзгерту не үшін қажет болды? Оның мәні неде?" – деді Ольга Юрковская.

Ольга Юрковскаяның айтуынша, бір жарым жылдан бері халықтың басым бөлігі созылмалы шаршау мен әлсіздікке, ұйқысыздық пен биоритмдердің бұзылуына, гормондық ауытқуларға, бас аурулары мен жүйке жүйесінің тұрақсыздығына тап болып отыр. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының саны артқан, жергілікті атқарушы органдар жұмыс кестелерін өзгерткен, электр энергиясының тұтынуы өскен, инфляция мен теңгенің құнсыздануы күшейген.

"Бір жарым жыл бұрын уәде етілген оң нәтижелердің ешқайсысы орындалмады. Керісінше, 11 миллионнан астам қазақстандық зардап шегіп отыр", – деп мәлімдеді Юрковская.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігінің халықтың денсаулығы нығайып, күш-қуаты артады деген мәлімдеме жасағанымен, іс жүзінде кері нәтиже байқалып отыр. Бұдан бөлек әйел @prokuratura.gov.kz мекемесіне сауал жолдап, елдің 12 облысы заңды күші жоқ құжат негізінде не себепті өмір сүріп отырғанын сұрады.

"Бұл мәселені саясаттандыруға болмайды. Біз халықтың құқығы, балалардың құқығы және елдің болашағы үшін күресіп отырмыз. Қазақстандықтар өздерінің бұрынғы уақытты қайтарып алуға, қай уақытта өмір сүретінін өздері шешуге құқылы. Олардың дауысы естілуге тиіс", – деді Ольга Юрковская.

Бұдан бөлек желіде тағы бір қазақстандық уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты шағымдарын жиі жазып жүр. Соның бірі Алматы тұрғыны өз парақшасында қарапайым халықтың күнделікті өміріне тиген кері әсерді бөлісті.

"Уақытты қайтарыңдар! 21 тамыз күні кешкі сағат 19:00-де Алматы көшелерінде қараңғы ерте түсіп кетеді. Біз дұрыс ұйықтай алмай жүрміз. Бұл халықты мазақ ету емес пе? Әр жолы үкімет естиді, бір өзгеріс болады деп үміттенеміз, бірақ әрдайым алданып қаламыз. Біздің балаларға ыңғайлы уақытты бір сағатқа аударғанда, ең логикаға сайы 21:30 еді", – деп оқырман ойын білдірді.

Сания  Бакеева да Қазақстандағы уақыт белдеуін бұрынғы қалпына келтіруді талап етті. 

"Себебі таңғы 05:00-те ұйқым қашып, кешкі 22:00-ге қарай әлсіреп, ұйықтап қаламын. Күні бойы күш-қуат болмайды. Витамин D туралы тек сөз жүзінде ғана еститін жағдайға жеттік. Алматыда күн сәулесін көру мүмкін болмай барады. Жұмыс күні аяқталмай жатып, сағат алтыдан кейін-ақ айнала қараңғыланады. Бұл өмір сапасына, көңіл күйге және денсаулыққа қатты әсер етіп отыр", - деп шағымданды алматылық ару.

"Жаңа уақыт – Новое время" партиясын құру қажет пе?

Осы ретте қоғам белсендісі Қазыбек Бейсебаев та уақыт белдеуі мәселесіне қатысты жаңа партия құру бастамасын көтеріп, өзімен пікірлес азаматтарды іздестіріп жатыр. Ол Қазақстанда партия құру рәсімі тым күрделі екенін айтып, негізгі кедергі бастамашыл топты тіркеу екенін жеткізді. 

"Өздеріңіз ойланып көріңіздерші, уақыт белдеуін өзгерту елдегі шамамен 15 миллион азаматқа әсер етті. Шын мәнінде, билік миллиондаған азаматтардың қалыптасқан өмір ырғағын өз бетінше өзгертті. Олар біз үшін қай уақытта оянуымыз, жұмысқа баруымыз, жұмыстан қайтуымыз, ұйықтауымыз керек екенін шешті. Әрқайсымыз мұндай шешімді өз отбасымыздың мүшелеріне қатысты қабылдай алмаймыз. Ал мұнда біздің үкімет ешқандай зерттеу жүргізбей, ешқандай дәлел келтірмей, қайдан шыққаны белгісіз бір "маманды" алып келіп, тұтас бір елді бірыңғай уақыт белдеуіне енгізіп жіберді. Айта кеткім келеді, әлі күнге дейін олар тарапынан нақты түсініктеме берілген жоқ", – деді Қазыбек Бейсебаев.

Бейсебаевтың ойынша, елдің болашағына әсер ететін шешімдер міндетті түрде референдум арқылы қабылдануға тиіс. Осы мақсатта ол жаңа партияны "Жаңа уақыт – Новое время" немесе "Уақыт алға – Время вперед" деп атауды ұсынып отыр. Белсенді ұйымдастыру комитетін әлеуметтік желілер арқылы құрып, бастапқы қаржыландыруды краудфандинг не кәсіпкерлердің қолдауымен шешуді жоспарлап отыр екен.

"Майнинг компанияларының мүддесі үшін жасалды"

Сондай-ақ ол уақыт белдеуіне көшіру туралы шешім қоғамда көптеген пікірталас тудырғанына қарамастан, билік неге мұндай қадамға халықпен кеңеспей барғанына өз ойын білдірді.

"Бұл сұраққа нақты түсініктеме жоқ. Тек әртүрлі нұсқалар айтылады. Біріншісі "Жаңа Қазақстанда" жаңа уақыт болуы керек. Екіншіден, Қытайдан үлгі алған, ол жақта бұрыннан бірыңғай уақыт белдеуі бар. Алайда соңғы кезде тағы бір нұсқа пайда болды. Бұл майнинг компанияларының мүддесі үшін жасалды деген", – деді Қазыбек Бейсебаев.

Қазыбек Бейсебаевпен пікірлес қоғам белсенділері "Сандж" зерттеу орталығымен бірлесе отырып зерттеулер жүргізген. Сөйтіп азаматтардың денсаулығына теріс әсерлерін анықтапты.

"Бірақ біздің зерттеулерімізді үкімет қабылдаған жоқ. Оның үстіне, елді бірыңғай уақыт белдеуіне көшіруден бұрын үкімет ешқандай зерттеу жүргізбеген. Бұл туралы бізде денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабы бар, онда қарапайым тілмен "зерттеулер жүргізілген жоқ" деп жазылған. Денсаулық министрліктен ресми жауап алдық. Сол жауабы бойынша, министрлік бір белдеуге кіргізу алдында ешқандай зерттеу жасаған жоқ. Демек, үкімет шешімен халықпен ақылдаспай қабылдады", – деді Қазыбек Бейсебаев.

Қоғам белсендісінің сөзінше,  бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ең әуелі азаматтардың денсаулық құқығын бұзады. Мұны "Сандж" зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік сауалнама айқын көрсеткен.

"Зерттеу барысында ел үш аймаққа батыс, орталық және шығысқа бөлініп, 1024 адамнан сұхбат алынған. Батыс өңірінің тұрғындарына уақыт ауысуы қатты әсер етпеген, себебі ол жақ бұрыннан UTC+5 уақытында еді. Ал орталық пен шығыс тұрғындарының жағдайы айтарлықтай нашарлаған. Мысалы, орталық өңір халқының шамамен жартысы және шығыс өңірінің 70%-дан аса тұрғыны жаңа уақытқа көшкеннен кейін ұйқысы бұзылғанын, денсаулығы нашарлағанын және түстен кейінгі еңбек өнімділігі төмендегенін айтқан", – деп Қазыбек Бейсебаев зерттеудің нәтижелерін алға тартты.

Былтыр сауда министрлігі өз қаулысының түсіндірмесінде, керісінше, "қазақстандықтардың денсаулығын сақтау" уақытты өзгертуге басты себептердің бірі деп көрсеткен. Ал бұрынғы UTC+6 уақыт белдеуін "алға озған уақыт" деп атап, ол адамдардың ұйқысын, денсаулығын нашарлатады деп уәж келтірген еді.

Уақыт белдеуіне қатысты статистикаИнфографика: Stan.kz / Дереккөз "Сандж" зерттеу орталығынан

"Өңірлерде тонау қылмысы 2,5 есе артқан"

Қазыбек Бейсебаевтың пікірінше, уақыт ауысуы тек денсаулыққа емес, қауіпсіздікке де қатер төндіріп отыр. "Сандж" орталығының деректері соны дәлелдейді.

Сауалнамада орталық пен шығыс тұрғындары, әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының халқы, кешкі 17:00-ден кейін көшеде жүру, мектептен немесе жұмыстан қайту бұрынғыдан қауіпті екенін айтқан.

Оған қоса, орталық мамандары ресми статистиканы тексеріп, 2023 жылдың қазаны мен 2024 жылдың қазанындағы жағдайды салыстырған. Осылайша, кейбір өңірлерде қылмыс айтарлықтай өскені анықталған.

•    Шығыс Қазақстан облысында тонау қылмысы 2,5 есе артқан;
•    Жетісу облысында – 2,5 есе;
•    Жамбыл облысында – 1,8 есе;
•    Алматыда – 1,6 есе.

Ал бұзақылық фактілері ШҚО мен Алматы облысында 1,4 есе, Алматы қаласында 1,2 есе көбейген. Бұл құқықтық статистика сайтындағы ресми деректер дейді Қазыбек Бейсебаев.

Инфографика 2 (1)Инфографика: Stan.kz / Дереккөз "Сандж" зерттеу орталығынан

STAN.KZ
Сейсенбі, 26 Тамыз, 2025 17:03
Талқылау