Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент қаласы әкімдігінің алдындағы субұрқаққа 10 жастағы бала батып кетті

Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы субұрқаққа 10 жасар бала батып кетті. Полицейлер оның денесін алып шықты. Қайғылы оқиға 24 шілде күні кешке болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бала басқа балалармен бірге Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойында орналасқан субұрқаққа ата-анасының қарауынсыз шомылған. Субұрқақ тым терең болып шығып, он жасар бала суға тұншыға бастаған.  

Құтқарушылардың айтуынша, бірнеше бала субұрқақта шомылып жүрген, бала суға тұншыға бастаған кезде достары қорқып, қашып кеткен. Жансыз денені әкімдік маңында болған жол апатына шақырылған полицейлер алып шықты. Жедел жәрдем дәрігерлері баланың жан тапсырғанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деп хабарлады Шымкент полициясы.

Қалада барлығы 32 субұрқақ бар. Субұрқаққа жүзуге болмайды, бірақ жаздың аптап ыстығында балалар салынған тыйымға қарамастан суға түседі. Тұрғындарға мұндай суға түсудің қауіптілігі туралы үнемі ескертіліп отырады. Нысандардағы су тазартылмаған, тостағандардың ішінде ток өткізгіш сымдар бар болуы мүмкін. 

Талқылау