Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешқашан тумайтын жақсы өмірді күтеміз": Түрмеде көз жұмған Путиннің "қас жауы" Навальный туралы не білеміз

16 ақпанда ресейлік оппозиция өкілі Алексей Навальный Ханты-Мансинский автономды округіндегі “Полярный волк” түзету мекемесінде көз жұмды. Оның қазасын Ямало-Ненецкий автономды округінің федералды қылмыстық атқару жүйесі басқармасы хабарлады. Айтуларынша саяси қайраткер серуеннен кейін бірден есінен танып, өзін нашар сезінген. Кейін жедел-жәрдем дәрігерлері сотталушының көз жұмғанын хабарлапты. Қазіргі таңда оның өлімінің нақты себебі анықталып жатыр. Осы орайда Stan.kz "Росфинмониторинг экстремистік әрекетке немесе терроризмге қатысы бар тұлғалар тізімінде" болған ресейлік оппозиция өкілінің өміржолына тоқталып өтті. 

Фото: dzen.ru

Навальныйдың жеке өмірі

Навальныйдың өміржолы түрлі саяси жанжалдар мен қылмыстық істерге, шулы мәлімдемелер мен резонансты оқиғаларға толы болды. 

Алексей Анатольевич Навальный 1976 жылы 4 маусымда Мәскеу түбіндегі Бутин әскери қалашығында дүниеге келген. Ата-анасы Анатолий Иванович пен Людмила Ивановна.

Демократиялық өзгерістер кезінде оның отбасы, Кобяковский тоқыма фабрикасын басқарған. Оппозиционер өз ұлты туралы ашық айтпайды. Алайда бір сұхбатында өзінің шыққан тегі Украинамен тығыз байланысты екенін атап өткен. Оның Олег есімді бауыры бар. 

Фото: 24smi.org

Навальный Ресей халықтар достығы университетінің заң факультетінде оқыған. 1998 жылы Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы академиясында оқуын жалғастырған. Сонымен бірге ол Аэрофлот банкінде және ST Group даму компаниясында заңгер болып жұмыс істеген. 

Қаржыгер мамандығы бойынша диплом алған Навальный білімін Йель университетінде Йельдік әлем стипендиаттарының гранттық бағдарламасы бойынша 6 айлық курспен толықтырған. Қызы 2019 жылы Стэнфорд университетіне оқуға түсіп, бауыры екеуі АҚШ-қа кеткен. 

32 жасында Алексей Навальный инвестицияға қызығушылық танытып, Транснефть, Сургутнефть, Газпромнефть, Роснефть және Сбербанк компанияларының шағын үлестерін сатып ала бастаған. Сонымен қатар оппозиционер ВТБ банкінің акционері болды.

Жеке өміріне тоқталсақ, жары Юлиямен 1999 жылы отау құрған. 2001 жылы туған Дарья есімді қызы мен 2008 жылғы Захар атты ұлы бар. 

Фото: 24smi.org

Навальныйдың саясатқа келуі

Алексей Навальный саясаттағы жолын "Яблоко" демократиялық партиясынан бастады. "Яблокодан" шығарылғаннан кейін "Халық" ұлттық демократиялық қозғалысын құрып, "Орыс маршы" шеруіне қатысты. 2012 жылы Болотная алаңында өткен "Миллиондар маршы" шеруіне қатысты.

Алексей Навальный қазіргі шенеуніктер мен мемлекеттік басқару жүйесінде басшылық қызметте болғандарды сынға ала бастады. Бірте-бірте ол қарапайым саясаткер және белсенді блогерден Ресейдегі оппозицияның ауқымды көшбасшысына айналды. Оппозиционер Борис Немцов өлтірілгеннен кейін ел ішінде биліктің басты сыншысына айналды.

2013 жылы Навальный Мәскеу мэрлігіне үміткер болып, қажетті дауыс жинай алмады. Ол кезде ол өзінің "РосПил", "РосЯма" және "РосВыборы" сыбайлас жемқорлыққа қарсы интернет-жобаларын құрып үлгерген еді. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жеке қорын тіркеген (экстремистік ұйым деп танылып, сот шешімімен таратылған).

Көп ұзамай ол бірнеше зерттеу фильмдерін ұсына бастады. Ресейде көпшіліктің наразылығын тудырған "Чайка" деректі фильмі жарыққа шықты. Фильмнің арқасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы былықтар әшкереленді. Навальныйдың өзі де Twitter және Facebook микроблогтарында (әлеуметтік желіге Ресей Федерациясында тыйым салынған, Ресей Федерациясында экстремистік деп танылған Meta корпорациясына тиесілі) жемқорлыққа қарсы жазбаларын шығарып, көпшіліктен қолдау тапты. 



Қамауға алу және қылмыстық істер

Алексей Навальныйды қылмыстық қудалау 2011 жылы басталды. Екі жылдан кейін оппозиционер 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ үкім шыққан соң келесі күні өз еркімен бостандыққа шықты. 2012 жылы Time журналының нұсқасы бойынша Навальный әлемдегі ең ықпалды 100 адамның қатарына енді.

2019 жылы Алексей Анатольевич америкалық агент ретінде танылды. Ресей Әділет министрлігі тексеріс қорытындысы бойынша Навальный ұйымының есепшотына Испания мен АҚШ-тан бірнеше транш түскенін хабарлады. Қаражатты шкафтар орнатумен айналысатын "Star-Doors" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аударған.

Ал 2020 жылдың 20 тамызында Алексей Навальный уланып, комаға түсті. Ол Томскіден Мәскеуге ұшу кезінде өзін жәйсіз сезінген. Оппозиционер ұшқан S7 Airlines ұшағы Омбыға жедел қонып, блогер токсикология бөлімінің жансақтау бөліміне жатқызылған.

Фото: 24smi.org

22 тамызда жағдайы едәуір дұрысталған Навальныйды Германияға алып кетіп, сол жақта емдеді. Есін жиған ресейлік оппозиционер өзін улауға тапсырыс берген Ресей президенті Владимир Путин екенін айтты.

"Мен бұл қылмысқа Путин барғанына сенімдімін. Бұдан басқа нұсқалар жайлы ойламаймын", - деді ресейлік оппозиционер. 

Сондай-ақ ол алдағы уақытта Ресейге қайта оралатынын айтқан еді. 

"Мен қазір қиындықтарға мойымайтын адам екенімді көрсетуім керек. Мен ешнәрседен қорықпаймын!" - деп қосты Навальный. 

Араға бір жыл салып, яғни 2021 жылдың қаңтарында Германиядан отбасымен бірге оралған Навальный Мәскеу әуежайында тұтқындалған еді. Артынша Навальныйдың Химках полиция бөлімшесіне жеткізілгені белгілі болды. 

Саясаткердің әуежайда ұсталатыны алдын ала болжанған еді. Федералды қылмыстық-атқару қызметінде айтылғандай, Навальный Ив Роше ісі бойынша шартты жазаның шарттарын бұзды. Федералдық қылмыстық жазаны орындау және федералды іздестіру комитеті желтоқсанның аяғында соттан шартты жазаны қарапайым жазаға ауыстыруды сұрады. Сот отырысы 29 қаңтарда өтті. 

Навальный Берлиннен Внуково әуежайына қарай ұшқан. Алайда ұшақ бағытын өзгертіп, Шереметьево әуежайына қонады. Ресейлік оппозиционердің әйелі мен адвокаты кеден бекітінен өтіп кеткен, дегенмен Навальныйдың өзі тұтқындалған. 

Оппозиционер ұсталған соң құқық қорғаушылар, ЕО елдері мен Америка Құрама Штаттары Ресей билігінен ұсталған саясаткерді босатуды сұрады.

"Өзіне сенімді саяси лидерлер бәсекелестіктен қорықпайды, саяси қарсыластарына күш қолданбайды және заңсыз тұтқындауды ұйымдастырмайды. Орыс халқы, басқалар сияқты, ашық пікірлер білдіретін жағдайды сақтап, сенім ұялатып, ашық түрде әрекет етеді деген үміттеміз", - деді сол кезде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
Кремльдің Навальныйға жасаған шабуылы - бұл тек адам құқығын бұзу емес, сонымен бірге барлық ресейліктерді қорлау", - деп жазды Джо Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан.

Сенатор Берни Сандерс те Алексей Навальныйды босатуға шақырды.

"АҚШ сыбайлас жемқорлықпен күресіп, бүкіл әлемде демократия үшін жұмыс істейтіндерді қолдауы керек", - деп жазды ол.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы Навальныйды ар-ұждан тұтқыны деп таныды және Ресей билігінен оппозиционерге қарсы қатігездік танытуды дереу тоқтатуды талап етті.

Навальный қамауға алынғаннан кейін Ресейдің бірнеше қаласында оппозиционерді қолдауға арналған шерулер өтті. 

Алексей Навальныйдың түрмедегі өмірі

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 2021 жылы ақпан айында "Ив Роше" ісіне қатысты шартты жазасын түрмеде өтейтін болды. Ол 2 жыл 8 айға абақтыға жабылды. 

Сот барысында Навальныйды қолдауға ғимараттың алдына халық жаппай жиналған еді. Полиция 370 адамды ұстап әкеткен.  

Мәскеу соты "Ив Роше" ісіне қатысты Алексей Навальныйға шығарылған шартты үкімді 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Судья Навальныйдың 9 ай бойы үйқамақта отырғанын ескере келе, айыпталуышыны 2 жыл 8 айға түрмеге жабу туралы шешімге келген. 

Фото: 24smi.org

Айыптаушы тарап оппозиционердің ауруханадан шығып, екі ай бойы қонақ үйде жатқанына назар аударған. Сотқа Навальныйдың әйелі, ресейлік журналистерден бөлек, жиырмадан астам Еуропа елдерінен дипломаттар қатысқан. Өз кезегінде Кремль мен Ресейдің ішкі істер министрлігі осылайша Еуропа мемлекеттерін Ресейдің ішкі саясатына араласуда деп сөккен еді. 

Навальный болса, "Ресей үкіметі маған удан өлмегенім үшін ренжулі" деп үн қатты.

Сондай-ақ Навальныйге 2022 жылы 16 ақпанда өткен сот отырысында А"алаяқтық" және "судьяны қорлады" деген айып тағылды. Осы сот отырысында ол ресейліктерге үн қатты. 

“Біз бүкіл өмірімізді кедейлікте, деградацияда және келешек жоқ деп өткіземіз бе деп қорқамын. Ал біз өз балаларымызға осының бәрін мұра етіп қалдырамыз. Қарақшылық, құлдық және осы ұрылар тобы билікте отырғанда ешқашан тумайтын жақсы өмірді күтеміз", – деді ол. 

Сондай-ақ ол Ресей президенті Путинге деген таңданысын жасырмады. 

"Путин маңызды, маңызсыз болса да, бір саяси мәселені шешу үшін бүкіл елге, оның болашағына зиян келтіруге дайын екенімен таңғалдырды", - деді ол. 

Оппозиция өкілі дәл қазір Путин басқарып отырған мемлекет ұзақ жасамайтынын да тілге тиек еткен еді.

“Путиннің мемлекеті өміршең емес. Бір күні оның отырған орнына қарап, мүлде жоқ екенін байқаймыз. Сөзсіз жеңіс сол кезде туады. Сол күн келгенше өз сенімдерімізден бас тартпауымыз керек”, – деді Навальный.

2023 жылдың шілдесінде экстремистік ұйым құру және қаржыландыру, нацизмді оңалту және кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тартуға қатысты "экстремистік іс" бойынша сот отырысы өтті. Тергеу айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Тамыз айында сот оппозиционерді 19 жылға ерекше режимге кескен еді.

Алексей Навальныйдың қайтыс болуы

2023 жылдың желтоқсанында Навальныйдың жақтастары оның іс-түссіз жоғалып кеткенін хабарлады.

"Жұма күнінен бастап 6-түзеу мекемесі де, 7-түзеу мекемесі де адвокаттарға жауап бермеді. Алексейдің қайда екені әлі белгісіз", - деді Навальныйдың баспасөз хатшысы Ярмыш. 

25 желтоқсанда Навальныйдың Ямало-Ненецк автономиялық округінің Харп ауылындағы түзету мекемесінде болғаны анықталды. Саясаткерді заңгері көрді. Ол Алексейде бәрі жақсы екенін айтты. 

Алексей Навальныйға қатысты соңғы видео жарияланды

Желіде 2024 жылдың 15 ақпанында Алексей Навальныйдың сотта бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеген видеосы пайда болды.

"Ковров сотындағы Алексей Навальныйдың видеосы. Ол сергек, дені сау және көңілді", - делінген сипаттамада.

Фото: 24smi.org

Ал 2024 жылдың 16 ақпанында Ресейдің Ямало-Ненецк округі бойынша Федералдық қылмыстық атқару қызметі Алексей Навальныйдың қайтыс болғанын хабарлады.

Талқылау